Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталық мемлекеттік органдарға қарайтын аумақтық департаменттердің жұмысымен танысу және саладағы өзекті мәселелерді талқылау жиындарын өткізуде. Кезекті жиында
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмыстары туралы мекеме басшысы Әбдіманап Тулебаев баяндады.
Департамент басшысы бірінші жартыжылдықта қала тұрғындары арасында аса қауіпті инфекция түрлері бойынша қолайсыз ахуал тіркелмегенін айтты. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қызылша 873 жағдайға, менингококты инфекция 6 жағдайға, ботулизм 7 жағдайға, жіті вирусты гепатиттер 3,5 есеге, соның ішінде вирусты А гепатиті 18,4 есеге, тұмау 25 жағдайға, қышыма 34,7%-ға, энтеробиоз 20,5%-ға төмендегенін мәлімдеді.
Перзентханаларда жаңа туған нәрестелерді В вирусты гепатитіне қарсы вакцинациямен қамту 95,7 пайызға орындалса, туберкулезге қарсы вакцинамен қамту көрсеткіші 95,6% орындалған.
Есепті мерзімде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалау бойынша 187 нысанда тексерулер жүргізіліп, 149 ұйғарым берілген. Қала бойынша әрекет ететін мобильдік (мониторингтік) топтардан 228 жедел хабарлама келіп түскен. Олардың негізінде жүргізілген тексерулер бойынша 208 нысанға 15 млн 575 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Ashyq» жобасы шеңберінде 254 хабарлама келген болса, оның 46-сы басқа өңірлердің тұрғындары болуына байланысты осы азаматтардың тұрғылықты жері бойынша санитариялық-профилактикалық іс-шаралар атқару жөнінде тиісті органдарға хабарлама берілген. Қала бойынша түскен 208 хабарламаның негізінде 61 «қызыл» мәртебесі берілген, 147 – «сары» мәртебесі бар азаматтар анықталған. Карантин режимін сақтамаған осы санаттағы 7 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 291 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Үй карантиндік режимін сақтау мәселесінде 38 хабарлама түсіп, оның 11-і — «қызыл» мәртебесі берілген азаматтар болса, 27-сі – «сары» мәртебесі бар азаматтар екендігі анықталған. Карантиндік режимді сақтамағаны үшін осы санаттағы тағы 7 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынған.
Қала әкімі бүгінгідей күрделі кезеңде медициналық ұйымдар мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне түсіп отырған жүк ауыр екендігін атап өтті. Бүгінгі күннің өзінде коронавирус індетін жұқтыру дерегі бойынша тәуліктік көрсеткіш 575 жағдайға тіркеліп отырғандығына алаңдаушылық білдірді. Дерттің балалар арасында жаппай таралуына жол бермес үшін барлық қажетті шараларды атқару керектігіне тоқталды.
Індет жұқтырудың тәуліктік көрсеткішінде қалаға уақытша келген, басқа аймақтардың тұрғындары көптеп кездесіп жатқандығын алға тартып, аурудың таралуын мейлінше төмендетуде адамдар арасындағы барыс-келісті азайту бағытында пәрменді жұмыстар атқару керектігіне тоқталды. Бұл бағытта қонақ үйлер мен отельдер қызметін ерекше бақылауда ұстап, вахталық әдіспен қызмет атқаратын кәсіпорындар жұмысшыларының топтасып қоныстануларына жол бермеу керектігіне назар аударды.
Карантин талаптарының сақталуын қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыстар жүргізу барысында кәсіпкерлік нысандарының қызметін шектеу емес екенін ұғындырып, осы бағыттағы мемлекеттік органдардың басты талабы – азаматтар топтасуына жол бермеу, дерттің жаппай таралуына жағдай жасамау ұстанымы болуы тиіс деді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасына халық денсаулығын сақтаудағы жұмыстарды жоспарлы түрде, жоғары ұйымдастырушылық тәртіпте жүргізуді тапсырып, екпе жұмыстарының барлығын мерзімдерінде атқаруды жүктеді. Бұл бағытта медицина қызметкерлерінің бір бөлігі жоспарлы жұмыстарымен айналысса, екінші бөлігі – коронавирус індетінің таралуымен күрес жүргізу керектігіне көңіл бөлді.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен медициналық ұйымдар халық арасындағы түсіндіру жұмыстарында белгілі бір жүйелі тәртіпті ұстануы керектігін назарға алды. Тұрғындардың өз денсаулығын қорғауда білімі жеткіліксіз болғандықтан, дәріханалар жанындағы екпе егу бөлмелеріне көптеп жүгініп жатқандығын алға тартты.
Жиында дәріхана мамандары тарапынан covid індеті бойынша ем жүргізу протоколына сай келмейтін дәрілер тағайындау жағдайлары орын алып жатқандығы айтылып, тұрғындар арасында ауруды асқындырып алмау жөнінде сауатты түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізу керектігі айтылды.
Қала басшысы бұл бағыттағы ақпараттық жұмыстардың бағыты мынадай мәселелерді қамтуы тиіс деді: Дерт жұқтырған адам алдымен не істеуі керек екенін, оның әрі қарайғы әр қадамын түсіндіріп айтатын жұмыстар жүргізуді тапсырды. Эпидемиология мамандары індет таралуына қандай жағдайлар себепші болатынын айтып отырса, медицина мамандары алгоритм бойынша емге жүгінудің жолдарын түсіндіруі керек деді. Ақпараттық жұмыстардың барлығы халыққа ұғынықты әрі тез қабылдауға бейім болуы керектігін атап өтті.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі