Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қаланың стратегиялық дамуы аясында әлеуметтік салаларда атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингін өткізді. Алдымен, Шыңғыс Жұмабекұлы өзі жетекшілік ететін бес басқарманың жұмысына тоқталып, білім, денсаулық сақтау, ішкі саясат, дін, мәдениет салалары бойынша бірінші жартыжылдықтағы негізгі жұмыстарын қорытындылады.
– Үш жыл бұрын Елбасының Жарлығымен Шымкентке республикалық қала мәртебесі берілгені белгілі. Содан бері шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы өзінің халық алдындағы есебінде бес басым бағытты белгілеп көрсеткен болатын. Соның ең алғашқысы – адами капитал. Осы орайда, алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі – білім сапасын көтеру. Бұл саладағы өзекті мәселелер ретімен жүзеге асуда. Бүгінде Шымкентте 32 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 20 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл 5 колледж жаңа оқу жылын жаңадан жабдықталған ғимаратта қарсы алмақ. Жалпы қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы бекіткен жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін шаһарда 72 мектеп бой көтереді, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Шыңғыс Жұмабекұлының мәлімдеуінше, қаладағы үш ауысымды мектептер мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Биылғы ел игілігіне берілетін мектеп құрылыстарының нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, шаһарда үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азаяды. Жалпы үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу 2023 жылға жоспарлануда. Сондай-ақ, мегаполисте оқушылар қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте білім беру ұйымдары бейнекамералармен толық қамтылған. Жоспар бойынша олар полицияға қосылады. Сонымен қатар «Дабыл батырмаларын» орнату бойынша келісімдер түзілген.
Брифинг барысында қала әкімінің бірінші орынбасары коронавирусқа қарсы күрес шаралары және тұрғындардың вакцинаға деген оң көзқарасын қалыптастыру үшін халыққа түсіндіру жұмыстары белсенді жүріп жатқанын атап өтті.
– Қалада вакцинациялау жұмыстары басталғалы бері бірінші компоненті 258 887 адамға, екінші компоненті 156 540 азаматқа салынды. Күні бүгін қала бойынша вакцина алатын контингенттің 47%-на екпе егілді. Шымкент бұл көрсеткіш бойынша елімізде көш басында. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, пандемиямен күресудің жолы – вакциналау. Халқының 70-80 пайызы вакциналанған елдер қалыпты тіршілікке оралып жатыр. Жалпы Шымкентте 2 компонентті салдырған соң ауруханаға түсіп жатқандар жоқ. Бұл ретте, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Сондықтан, қала тұрғындарын вакцина алуға шақырамын, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Сондай-ақ Шыңғыс Жұмабекұлы мәдениет саласында кітапхана желісін жаңғыртуға көп көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Бұл ретте бүгінге дейін 6 кітапхана модернизациядан өткізілді. Елорда күні қарсаңында қайта жаңғыртылған тағы 3 кітапхана ел игілігіне берілмек.