Бүгін 9 мамыр жеңіс күні. Жеңіс дегенде жеңісті қазақтан шыққан батырларымыздың есімімен байланыстырамын. Кеше Москвада Ресейдің Президенті Путинмен үлкен дөңгелек үстөл өтті. Мұқият тыңдадым. Израйлден келген өкілдің еврей халқы туралы айта келіп Бауыржан Момышұлының ойшылдығына, ірі тұлғалығына тоқталды. Орысша судай. Соғыстың зардабын шеккен ешбір елге, ешбір батырға, ешбір ұлтқа тоқтамады, біздің Бауыржан Момышұлының «Волоколомское шоссесін» өнеге етіп жайып салды. Керек десеңіз осы кітапты көрнекі құрал ретінде пайдаланатындарын жасырмады. Демек, Бауыржан Момышұлын өздерін ақылды деп санайтын еврей халқы осылай десе, біздің түпкі тамырымыздың болмысымыздың, Елбасы айтқан ұлттық кодымызды әлем мойындағаны. Қолбасшы демекші Сталинді мойындатқан Ақсақ Темір ойыма қайта-қайта орала берді. Әр заманның өз батыры болғаны айдан-анық. Оны еш ғасыр, еш пенде өшіре алмас. Бойымды мақтаныш сезімі биледі. Бауыржан Момышұлының қасиеті бойындағы мінезде ғана емес, ата-бабаларымыздан қалған дана сөздерді қажет жерінде жауынгерлердің рухын көтеруге пайдаланғаны. Ойын жинақтап болашаққа мұра, жастарға өсиет етіп қалдырған. Барлық өсиеттері жауынгерлік ата -баба дәстүрінен бастау алған. Тәртіп пен тәрбие, парыз бен қарыз, тіл мәселерінің төркіні отаншылдыққа баулыған. «Намысты нанға сатпа», «Ердің туы- намыс», «Өзін сыйламаған басқаны сыйлауға қабілетсіз» тағы тіл туралы да дана сөздері де жауынгерлердің намысын оятуға, қайткенде де жеңіске жетуге шақырған. Айтар ойын қабағынан, өр қазақтың намысшыл мінезімен танытқан. Бауыржан Момышұлы қайсар да намысты қолбасшы ғана емес, болжампаз философ екенін майдандағы шайқастағы тәсілдері дәлелдейді. Қазақты ұлт ретінде мойындатқан Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері кімге де болса азық. Кезінде батырлығы еленбеген Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен батырымыз Рақымжан Қошқарбаевтың есімі, қазақтың ұшқыш қызы Хиуаздың есімдері бір төбе болса, Алия мен Мәншүктің ерліктері жүректерде сақтаулы. Бәкір Тәжібаевтың Әлия гүлін біреу білсе біреу білмейді. Сейдоллла Бәйтерековтің «Әлиясы» қайырмасына келгенде «Әлия ару қызы сен халқымның, Әлия батыр қызы сен…» деп кең диапозонмен ән көкке шалықтағанда аспандағы бұлттар жайлап ығысып ыдырап әнге жол ашып, ары қарай ән құлаштап-құлаштап көкке сіңіп кете барады, ән мәңгілік болған Әлияның артынан ерген қазағымның тура бір ризашылық сезіміндей іспеттес. 2009 жылы Орал қаласындағы Мәншүктің мұражайында болдым. Мәншүктің мектептегі суреттерінде, есейе бастаған кездегі суреттерінде де өзгермейтін тұңғиық терең жанары, мойылдай қара көзі алысқа қарап тұрғандай еді. Ойлы, салмақты, ақылды қазақ қызы. Майдандағы Мәншүктің Максим пулеметінен шыққан әрбір оқ нысанаға тигенде ежелгі батырлардың жебесіндей тіп-тік қадалып ерліктің, намыстың отын шашты, жаудың күлін көкке ұшырды. Қазақ қыздары осындай қазақты ерлігімен әлемге танытты, талайды мойындатты. Осындай батырларымыз болмағанда біз тәуелсіздіктің табалдырығынан аттамақ түгіл, атын да ести алмас едік, немістің боданында болар едік. Биыл Тәуелсіздігімізге отыз жыл. Тәуелсіздіктің алғы шарттары отаншылдықта, намыс пен жігерде екенін батыр апаларымыз бен аталарымыз қасық қанымен дәлелдеп кетті. Батырларымыздың көбісі ерте қайтыс болып кетті. Олардың бәрі біз үшін үлгі, әрқайсысы біз үшін Халық Қаһарманы.
Калыйма Жантөреева Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары