Бүгін Қазығұрт ауданында «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының XLV есеп бер-сайлау конференциясы ондайн форматта өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңес мүшелері, партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық маслихат депутаты Нұржан Аширов, аудандық партия филиалы төрағасы, аудан әкімі Арман Абдуллаев және өзге де партия белсенділері мен делегаттар қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Есімхан Исақұлов баяндама жасады. Ол Қазығұрт аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, ауданда партиялық жобалар мен бекітілген кесте бойынша іс-шаралар тұрақты түрде өтіп келеді. Бюролар, конференциялар мен өзге де жиындар уақтылы өткізілген. Елдің талап-тілегі мен өтініштерін тыңдау, ауданның идеологиялық, әлеуметтік дамуы жолында филиал тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Аудандағы бастауыш партия ұйымдары жүйеленіп, бірқатары ірілендірілген. Қазір ауданда 14 бастауыш партия ұйымы және жетекші партияның 6 мыңға жуық мүшесі бар.
«2020 жыл қорытындысы бойынша партияның Қазығұрт ауданындағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 853 адам жүгінген. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Қарау нәтижелері бойынша 539 өтініш оңтайлы шешіліп, 316 өтінішке заң аясында кеңестер берілген. 2020 жылы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 89 қабылдау жүргізіліп, 222-ден астам тұрғынның мәселелері қаралды. Өтініш білдіргендердің басым бөлігі көпбалалы және толық емес отбасылар – 400, жұмыссыздар – 343, ерекше қажеттіліктері бар адамдар – 100 және зейнеткерлер – 10. Пандемия кезінде «Біргеміз» қоры арқылы 1286 отбасына 50 мың теңгеден берілді», – деген Е.Исақұлов «Біз біргеміз» акциясы, «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 2 мыңнан астам отбасына көмек көрсетілгенін мәлімдеді.
Конференцияда «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының Саяси кеңесі мен Түркістан облыстық партия филиалының XLI (41) есеп беру — сайлау конференциясының делегаттары сайланды. Саяси кеңес және Бюро құрамына өзгерістер енгізілді.
Жиынға қатысушы партия белсенділері елдің сеніміне ие болған саяси күштің жұмысын жандандыру бағытында еңбек ететіндерін, қоғамдық кеңестер құрамы нағыз іскер азаматтармен толыққанына ризашылықтарын білдірді. Қазіргі таңда аудандық маслихаттағы 14 орын «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттардан тұрады. Депутаттар елдің өтініштері бойынша жанашырлықпен жұмыс атқарып, «Nur Otan» – нақты істердің партиясы екенін дәлделдеп жүр.
Партияның Қазығұрт аудандық филиалы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы мен оның орындалуы бойынша 103 тармақтан тұратын жол картасын бекіткен. Аудандағы партия жетекшілері мен белсенділері, 9 қоғамдық кеңес өкілдері осы жол картасының орындалуын толық бақылауда ұстап, оның жүзеге асуына үлес қосады.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі