Бастауыш партия ұйымдары – партияның жүрегі әрі іргетасы. Көшбасшылар осы ұйымдарда шыңдалады. Әсіресе биылғы праймериз кезінде бастауыш партия ұйымдары арқылы ұсынылған үміткерлер кадрлық резервке алынып, Парламентте, жергілікті мәслихаттарда депутат атанды. Бүгін Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстары толық аяқталды.
Маңызды жиналыстардың бірі 433 мүшесі бар «Түркістан» бастауыш партия ұйымында өткізілді. Партия мүшесі Б.Әшірбеков жүргізген онлайн режимдегі мәжіліске «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, саяси кеңес мүшесі П.Тұрсынбаев, облыстық филиалдың ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, саяси кеңес мүшесі Нұрлан Мейірқұлов және өзге де делегаттар қатысты. Бұл бастауыш партия ұйымы биылғы сайлау кезінде және өзге де партиялық жобаларды үйлестіру барысында жақсы жұмысымен көзге түскен. Атқарылған жұмыс туралы есеп тыңдалған соң жарғыға сәйкес, аумақтық конференцияға делегаттар және БПҰ төрағасы сайланды. «Түркістан» бастауыш партия ұйымының төрағасы болып Самат Расул сайланды. ⠀
Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының «Қуаныш» бастауыш партия ұйымының да есеп беру-сайлау жиналысы өтті. Онлайн форматта өткен жиналысқа «Nur Otan» партиясы БПҰ-ның бюро мүшелері және партия белсенділері қатысты. Жиналыстағы алғашқы мәселе бойынша сөз кезегін «Қуаныш» БПҰ төрағасы Талғат Садуақасов алды. Ол өз сөзінде осы уақытқа дейін «Қуаныш» БПҰ төрағасы қызметінде 2019-2020 жылдардағы жұмыс жоспары бойынша атқарған жұмыстары және алдағы кезеңге арналған міндеттерді баяндады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз кезегін кәсіподақ ұжымының төрағасы Бердіғали Сандыбаев «Төрағаның қалалық партия филиалының көптеген іс-шараларына белсенді қатысып, сайлау кезінде үгіт насихат жұмыстарын белсенді атқарғанын білеміз. Сондықтан, «Қуаныш» БПҰ-ның төрағалығына Талғат Садуақасовты қайта ұсынып, осы әріптесімізді қолдауға шақырамын», – деді.
«Қуаныш» БПҰ бюро мүшелері мен партия белсенділері «Қуаныш» БПҰ төрағасына ұсынған Талғат Садуақасовқа бірауыздан дауыс берді. Жиналыста ұйымның бюро мүшелері және «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының кезекті конференциясына қатысатын делегаттар да анықталды.
Жалпы Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясына қарасты барлық бастауыш ұйымдарда жиналыстар өз деңгейінде өткізіліп, бірқатар БПҰ-ларда төрағалар ауысып, бюро құрамдары да жаңа мүшелермен толықты. Карантин талабы ескеріле отырып, көптеген жиналыстар онлайн режимде өткізілді.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі