29 қазан – Кәсіпкерлер күні мегаполисте ерекше форматта аталып өтті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасымен бірге ұйымдастырылған іскерлік форум өтіп, оқу орнында бизнеспен бірге білім беру сапасын арттыру, дуалды оқыту жүйесін дамыту, өнеркәсіп нысандарымен ынтымақтастықты нығайту тақырыптары талқыланды.
Осы орайда Президент Жолдауында айтылған өңірлік экономиканы дамыту, білім мен қолданбалы ғылымды өндіріспен байланыстыру міндеттері аясында университетте ірі компаниялардың қолдауымен жаңа оқу кабинеттері ашылды.
Атап айтқанда, Alageum Group компаниясының қолдауымен «Электр энергетикасы» және CHINT компаниясының заманауи электротехникалық жабдықтарымен жарақтандырылған оқу кабинеттері ашылды. Жаңа кабинеттер болашақ мамандардың практикалық даярлығын күшейтуге, нақты өндірістегі технологиялармен жұмыс істеуіне және еңбек нарығына қажет дағдыларды қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Университет пен өңір бизнесінің ынтымақтастығын кеңейтуге арналған «Білім мен бизнестің ынтымақтастығы» іскерлік форумына 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Онда еңбек нарығына қажет білікті мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің сұранысына бейімдеу, дуалды оқыту жүйесін жетілдіру, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау, сондай-ақ, ғылым мен бизнестің бірлескен инновациялық жобаларын дамыту мәселелері талқыланды.
Университет басшылығы кәсіпкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, оқу орнының бизнес қауымдастығымен нәтижелі әріптестік орнатуға мүдделі екенін атап өтті. Ал Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова бизнес үшін білікті кадрдың маңызына тоқталып, Әуезов университетінің бәсекеге қабілетті кадр даярлаудағы әлеуетін атап өтті, бизнес пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бастама үшін университет басшылығына алғыс білдірді.
Форум аясында жастардың өндірістік тәжірибеден өтуіне, жұмысқа орналасуына және университет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың дамуына үлес қосқан бірқатар кәсіпкер марапатталды. «Адал кәсіпкер – 2026» жобасын жүзеге асыру барысында іскер азаматтарға «Абай» және «Әуезов» төсбелгілері, Алғыс хаттар табысталды.
Іскерлік кездесудің қорытындысында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.




