Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі жүзеге асып, Тіленшин көшесіндегі теміржол үстінен өтетін жаңа автокөлік өткелі толық пайдалануға берілді. Қала тұрғындары мен жүргізушілер үшін маңызы зор нысанның құрылысы аяқталып, барлық айналма жолдары ашылды. Сонымен қатар өткел аумағындағы абаттандыру жұмыстары да толық жүргізілді.
Бұған дейін техникалық тұрғыда ашылған өткелдің айналма жолдары да толық ашылып, абаттандыру жұмысы аяқталды. Осылайша, көлік қозғалысын ұйымдастыруға қажетті барлық жұмыс тәмамдалып, нысан толыққанды пайдалануға дайын болды.
Мемлекет басшысының Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Момынов және Тіленшин көшелеріндегі өткелдердің негізгі құрылысы өткен жылы басталған. Ол қаланың аудандары арасындағы байланысты күшейтуге, көлік қатынасын жақсартуға және қозғалысқа қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа өткел автомобиль және теміржол қозғалысын бөліп, көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Аталған өткелдің маңыздылығы бұл аумақтағы теміржол қозғалысының қарқындылығымен тікелей байланысты. Ресми мәліметке сәйкес, Тіленшин көшесі маңындағы теміржол учаскесі арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Бұған дейін әр пойыз өткен сайын теміржол өткелі 10–20 минутқа дейін жабылып, екі бағыттағы автокөлік қозғалысы уақытша тоқтайтын. Соның салдарынан әсіресе қарбалас уақытта ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болып, тұрғындардың жолға кететін уақыты едәуір ұлғаятын.
Жаңа автокөлік өткелінің басты ерекшелігі – автомобиль және теміржол қозғалысының бір-біріне тәуелсіз ұйымдастырылуы. Енді жүргізушілер пойыздың өтуін күтіп, теміржол алдындағы қозғалыстың тоқтауына тәуелді болмайды. Бұл көлік ағынының үздіксіз жүруіне, жол жүру уақытын қысқартуға және теміржолмен қиылысатын аумақтағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өткелдің толық ашылуы оған жалғасатын көшелердегі қозғалысқа да оң әсерін тигізбек. Айналма жолдардың іске қосылуы жүргізушілерге бағытты ыңғайлы таңдауға, көлік ағынын тиімді бөлуге және іргелес аумақтардағы қозғалысты реттеуге жағдай жасайды. Нысанның айналасы абаттандырылып, құрылыс аумағы ретке келтірілді. Осылайша, жоба тек жол өткелін салумен шектелмей, оған іргелес инфрақұрылымды да қамтыды.
Айта кетейік, Тіленшин көшесіндегі өткел – Шымкентте теміржол үстінен салынған осындай маңызды нысандардың бірі. Биыл қаңтар айында Момынов көшесіндегі жаңа автокөлік өткелі де пайдалануға берілген болатын. Аталған екі жоба да қаланың көлік жүйесіндегі өзекті мәселелерді шешуге, теміржол желісімен қиылысатын учаскелердегі қозғалысты жеңілдетуге және шаһардың әр бөлігіндегі көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.
Тіленшин көшесіндегі жаңа өткелдің толық пайдалануға берілуі – осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Нысанның іске қосылуы жақын маңдағы тұрғындардың күнделікті қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, қала ішіндегі көлік байланысының сапасын арттыруға да үлес қосады. Ең бастысы, жүргізушілер үшін уақытты үнемдеуге, ал жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.




