Шымкентте баспана жағдайын жақсартуды қажет ететін азаматтарға сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлерді ұсыну жұмысы жалғасуда. Кезекті іс-шара аясында 30 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Пәтерлер Асар-2 шағынауданындағы көп қабатты үйлерде орналасқан. Олар сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында ұсынылды. Баспаналы болғандардың қатарында мүгедектігі бар азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасылар бар.
Айта кетейік, бұл үйлер қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес салынған және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылған.
Қала тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жалғаса береді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жеке баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Биыл Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылы жалпы 7 386 азаматты пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде 4 568 пәтер несиелік тұрғын үй бағдарламалары арқылы, ал 2 818 пәтер жалға берілетін тұрғын үй бағыты бойынша ұсынылмақ.
Жарияланған соңғы мәліметтерге сәйкес, жоспарланған баспананың 3 699-ы тұрғындарға табысталған. Атап айтқанда, 2 192 отбасы несиелік тұрғын үйге қол жеткізсе, 1 507 отбасы жалдамалы пәтерлерге ие болған. Жыл соңына дейін тағы 3 687 пәтер беру көзделіп отыр. Оның 2 376-сы несиелік тұрғын үй болса, 1 311-і жалға берілетін баспана.
Сонымен қатар қалада жаңа тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу және пайдалануға беру жұмыстары да қарқын алған. 2026 жылы Шымкентте жалпы ауданы 102 мың шаршы метрді құрайтын 32 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 12 тұрғын үй Тұран шағынауданында, 20 тұрғын үй Бозарық шағынауданында бой көтеруде. Құрылыс нысандарымен қатар, жаңа тұрғын алаптарды қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге де басымдық берілуде.
Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 7 мыңнан астам азаматты баспанамен қамту көзделіп отыр. Бұл жұмыстар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.




