13kz.kz
КАЗ
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Cаясат
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Білім
  • Туризм
  • Спорт
  • Әлемде
  • 13KZTV
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Cаясат
  • Мәдениет
  • Экономика
  • Білім
  • Туризм
  • Спорт
  • Әлемде
  • 13KZTV
No Result
View All Result
13kz.kz
No Result
View All Result
Home Uncategorized

Танымал брендтің бастауы – Шымкентте

27 сентября, 2026
in Uncategorized
0
Танымал брендтің бастауы – Шымкентте
7
VIEWS
Share on FacebookShare on Twitter

Шымкентте басталған шағын кофехана бүгінде Қазақстаннан асып, халықаралық нарыққа шыққан брендке айналды. Бір кездері Mega Planet сауда орталығында алғашқы нүктесін ашқан Global Coffee компаниясының бүгінде Қазақстан, Өзбекстан және Грузияда 300-ден астам кофеханасы бар. Мыңнан астам адам еңбек ететін компанияның қалыптасу тарихы кәсіпкерлік идеяның, табандылықтың және өзгермелі нарыққа бейімделудің мысалына айналып отыр.

Global Coffee брендінің негізін қалаған Аят Азимов LCC International University-де Business Administration мамандығында білім алған. Университетте оқып жүрген кезінде курстық жұмысын әлемге әйгілі Starbucks кофеханалар желісінің бизнес-моделіне арнаған. Кофе индустриясын зерттей жүріп, бұл саланың Қазақстанда да дамуына мүмкіндік бар екенін түсінген жас кәсіпкер диплом алғаннан кейін теориялық білімін тәжірибеде сынауға кірісті.

Оған бұл жолда достары Мақсат Аманмұрадов пен Данияр Мамирханов серіктес болды. Үш кәсіпкер қарыз қаражат тартып, 2016 жылы Шымкенттегі Mega Planet сауда орталығынан алғашқы кофеханасын ашты.

Ол кезде қаладағы кофе мәдениеті бүгінгідей қалыптаспаған еді. Кафе мен асханаларда тез еритін пакеттегі кофе кеңінен сатылатын. Мұндай сусынды самсамен бірге шамамен 200 теңгеге сатып алуға болатын. Ал жас кәсіпкерлер жаңадан тартылып, арнайы дайындалған табиғи кофені 500 теңгеден ұсынды.

Сол кезең үшін бұл қала тұрғындарының бір бөлігіне жоғары баға саналды. Тіпті кәсіпкерлердің жақындары мен таныстарының арасында да жаңа кофехананың болашағына күмән келтіргендер аз болмаған. «Шымкентте 500 теңгеге ешкім кофе ішпейді» деген пікірлер де айтылды.

Алайда Аят Азимов өз таңдауынан бас тартпады. Ол кофе бизнесін 2013 жылдан бастап қолға алуды армандағанын айтып, алғашқы қиындықтарға қарамастан жобасын жүзеге асыруға бел буды.

Алғашқы күндердің өзінде кәсіпкерлердің күткені ақталды. Табиғи кофеге қызығушылық танытқан тұтынушылар көбейіп, кофехананың алғашқы сауда нәтижелері көңілден шықты. Бұл жас кәсіпкерлерге жаңа нүктелер ашуға мүмкіндік беретін алғашқы серпін болды.

Шағын кофеханадан желіге дейін
Алғашқы нүктенің нәтижесі кәсіпкерлерді бизнесті кеңейтуге ынталандырды. Олар Шымкенттің басқа көшелерінен де кофехана ашуға қолайлы орындар іздей бастады.

Алайда желі ұлғайған сайын бизнестің басқа мәселелері көріне бастады. Солардың бірі — негізгі шикізаттың сырттан жеткізілуі еді. Бастапқы кезеңде қуырылған кофе дәндері Ресейден сатып алынған. Уақыт өте келе өнім сапасында тұрақсыздық байқала бастаған. Бір партия қатты қуырылса, келесі өнімнен қышқыл дәм сезілетін.

Бұған қоса қуырылған кофе импортына салынатын салықтың өсуі және кедендік рәсімдердің күрделілігі шығындарды көбейтті. Осы факторлардың барлығы кәсіпкерлерді кофе дәнін өздері қуыру мәселесін қарастыруға алып келді.

Бұл шешім компанияның кейінгі дамуындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Аят Азимовқа әкесі Ғалеб Азимов көмектесті. Ол жасыл кофе дәндерін қуыратын өндіріс цехын іске қосты.

Ғалеб Азимов халықаралық Specialty Coffee Association стандарттары бойынша білім алған. Оның алдында тек кофе дәнін қуыру ғана емес, тұтынушыларға ұнайтын тұрақты дәм қалыптастыру міндеті тұрды.

Орталық Азиядағы тұтынушылардың талғамы да ескерілді. Бұл өңірде шайдың жұмсақ, сүт қосылған түрлері кең тараған. Сондықтан кофенің дәмін жергілікті тұтынушының талғамына бейімдеу қажет болды.

Ростер жанында ұзақ уақыт жұмыс істеген Ғалеб Азимов бірнеше тәжірибе жүргізіп, компанияның негізгі дәмдік формуласын қалыптастырды. Нәтижесінде Global Coffee үшін орташа қуырылған, 100 пайыз арабикадан тұратын бірнеше сортты кофе дәндерінің бленді таңдалды.

Компания үшін тұрақты дәм негізгі қағидалардың біріне айналды. Аят Азимовтың айтуынша, бренд тек кәсіби кофемандарға емес, тұтынушылардың кең тобына бағытталған. Негізгі мақсат — қолжетімді бағада тұрақты сапа ұсыну.

«Өзіңмен бірге алып кет» форматы және өндірістің дамуы
Global Coffee дамуы барысында тұтынушылардың күнделікті әдеттерін де ескерді. Компания «өзіңмен бірге алып кететін кофе» форматын енгізіп, бұл бағытта да сұраныс қалыптастыра алды.

Өндіріс көлемінің өсуі жаңа технологиялық шешімдерге деген қажеттілікті арттырды. Компания коммерциялық ғимарат сатып алып, оны санитариялық талаптарға сәйкес қайта жабдықтады. Жобаны қаржыландыруға құрылтайшылардың жеке қаражаты және «Даму» қорының қолдауы тартылды.

Өндірісті ұйымдастыру кезінде компания үнемділікке бағытталған Kaizen қағидаттарын енгізе бастады. Бұрынғы цехта қойма, қуыру және орау аймақтары бір-бірінен алшақ орналасса, жаңа өндіріс желілік қағидатпен құрылды.

Компания бұл тәсілді өндірістегі «макарон жүйесі» деп атайды. Яғни шикізат өндірістің бір шетінен кіріп, дайын өнім ретінде екінші шетінен шығатын логикалық тізбек қалыптастырылған.

Қазіргі өндірісте көлемі әртүрлі үш ростер жұмыс істейді. Олардың қуаттары 5, 15 және 30 келі. Компания ай сайын шамамен 20 тонна қуырылған кофе өндіреді. Өндіріс толық қуатына шыққанда айына 60 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік бар.

Кофе қуырудың өзі бірнеше кезеңнен тұратын күрделі технологиялық процесс. Жасыл кофе дәндері жоғары температурада қыздырылып, құрамындағы табиғи ылғалдың бір бөлігі буланады. Мысалы, 10 келі жасыл кофе қуырылғаннан кейін шамамен 8,2 келі дайын өнім қалады.

Кофе өндірісіндегі цифрлық шешімдер
Компанияның дамуы тек өндірістік қуатпен шектелмеген. Global Coffee командасы цифрлық технологияларды да өз жұмысына енгізіп келеді.

Компания бастапқыда iiko және Poster сияқты дайын автоматтандыру жүйелерін пайдаланды. Алайда бірнеше жылдық тәжірибеден кейін кәсіпкерлер өз бизнесінің ерекшеліктеріне бейімделген жүйе қажет екенін түсінді.

Осылайша компания өз кассалық есеп жүйесін әзірлеуге кірісті. Бағдарламаны жасауға екі жыл жұмсалып, 2024 жылы барлық кофеханалар осы жүйеге көшірілді.

Бұл шешім компанияның ішкі процестерін автоматтандыруға және желідегі операцияларды бірыңғай цифрлық ортада басқаруға мүмкіндік берді.

Мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған
Бүгінде Global Coffee шағын кофеханадан ірі кәсіпке дейін өскен. Қазақстан бойынша желінің 300-ден астам нүктесі бар. Компанияның кофеханалары Өзбекстан мен Грузияда да жұмыс істейді.

Франчайзингтік нүктелердің сатылымдарын қоса есептегенде, желінің жылдық жиынтық айналымы 15 миллиард теңгеден асады. Бір кофехананың орташа рентабельділігі 21–22 пайыз шамасында.

Компанияның қуыру цехының өнімін 500-ден астам тұрақты серіктес сатып алады. Олардың қатарында 300-ге жуық жеке және франчайзингтік нүкте бар. Сонымен бірге кеңселерден бастап сұлулық салондарына дейінгі шамамен 200 ұйым компания өнімдерін пайдаланады.

Global Coffee бүгінде мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың 50-ден астамы басқарушы компанияда қызмет етсе, қалғандары өндірісте, қоймаларда және кофеханаларда еңбек етеді.

Әлемдік нарықтағы өзгерістер бизнеске де әсер етеді
Кофе бизнесі сыртқы нарықтағы өзгерістерге тәуелді салалардың бірі. Кофе дәндері Қазақстанда өндірілмейтіндіктен, әлемдік нарықтағы баға өзгерісі жергілікті компаниялардың шығынына тікелей әсер етеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, 2024–2025 жылдары Бразилиядағы қолайсыз ауа райы кофе өндірісіне әсер етіп, әлемдік нарықтағы шикізат бағасы айтарлықтай өскен. Компания үшін бұл кезеңді алдын ала қалыптастырылған кофе қоры өткеруге көмектескен.

Global Coffee жасыл кофе дәндерін немістің Neumann Kaffee Group трейдері арқылы сатып алады. Кофе Бразилия, Колумбия, Индонезия, Эфиопия және Угандадан жеткізіліп, Рига арқылы Қазақстанға тасымалданады.

Бір стақан кофенің артында осылайша бірнеше елдің өндірістік және логистикалық жүйесі тоғысады.

Компания атауының «Global Coffee» болуының бір себебі де осы халықаралық өндірістік байланыстармен байланысты. Кофені қуыратын жабдық Нидерландтан, кофе машиналары Италияның Astoria компаниясынан, кофе тартқыштар италиялық Fiorenzato маркасынан, ал орау жабдықтары Қытайдан алынған. Ал кофеге қосылатын сүт Қазақстанда өндіріледі.

Отандық өндірісті арттыру жоспарда бар
Шетелден келетін жабдықтар мен материалдардың құны логистикалық шығындарға да байланысты. Сондықтан компания импортқа тәуелділікті біртіндеп азайтып, отандық материалдарды пайдалануды көздеп отыр.

Сол жоспарлардың бірі — Шымкентте шәрбат өндіретін жеке зауыт ашу. Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 400 мың еуро деп жоспарланған.

Компания пластикалық стақандар өндірісін де жергіліктендіру мүмкіндігін қарастырып отыр. Қазір стақандар Қытайдан жеткізіледі. Өнімнің бастапқы бағасы 14 теңге болғанымен, кедендік рәсімдер мен логистикалық шығындардан кейін бір стақанның өзіндік құны 39 теңгеге дейін жетеді.

Компанияның есебінше, егер дайын стақандарды импорттаудың орнына түйіршіктелген пластик секілді шикізатты әкеліп, өнімді Қазақстанда өндірсе, оның өзіндік құнын шамамен 25 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік бар.

Бұл шешім компанияның шығындарын азайтып қана қоймай, франчайзингтік нүктелердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға және тұтынушы үшін бағаны бәсекеге қабілетті деңгейде ұстауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Шымкенттен басталған брендтің жаңа мақсаты
Global Coffee бүгінде Шымкентте басталған кәсіптің халықаралық брендке айнала алатынын көрсетіп отыр. Алғашқы кофехананың ашылғанына он жылдан астам уақыт өтпей жатып, компания жүздеген нүктесі бар желіге айналды.

Ендігі мақсат — географияны одан әрі кеңейту. Компания алдағы бес жылда Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан нарықтарына шығуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге Қазақстандағы кофеханалар санын төрт есеге дейін арттыру мақсаты қойылған.

Бір кездері Шымкентте 500 теңгелік кофенің сатылатынына күмән келтіргендер болған. Бүгінде сол шағын нүктеден басталған кәсіп Қазақстаннан тыс нарықтарға шыққан брендке айналды.

Global Coffee тарихы — тек кофе сатудың тарихы емес. Бұл жергілікті нарықты зерттеу, тұтынушы талғамын түсіну, өндірісті өз қолына алу, технологияны енгізу және бизнесті біртіндеп масштабтау арқылы қалыптасқан кәсіптің тарихы.

Шымкенттен басталған бұл брендтің атауында «Global» сөзі кездейсоқ тұрмағандай. Бір шыныаяқ кофенің құрамында әлемнің бірнеше елінен келген дән, технология мен жабдық тоғысса, оның бизнес тарихының бастауы бір ғана қаладан — Шымкенттен өрбіген.

Previous Post

Шымкентте мемлекеттік қаржыны басқарудың цифрлық жүйелері таныстырылды

Next Post

Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы жалғасуда

Барлық құқықтары қорғалған.
2020 жылдың 25 ақпанындағы
№KZ66VPY00020666 куәлігі

     13kz.kz ақпарат агенттігі

Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде 13kz.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді


Сайттың ескі нұсқасы.
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік
  • Экономика
  • Туризм
  • 13KZTV
  • Әлемде

13kz.kz ақпарат агенттігі