Шымкентте мемлекеттік қаржы саласын цифрландыруға бағытталған жаңа жүйелердің мүмкіндіктері таныстырылды. Қалаға қызметтік сапармен келген Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков тұрғындармен кездесіп, мемлекеттік қолдау шараларын бақылау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қаржыландыруды автоматтандыру және цифрлық теңгені бюджет процестеріне енгізу бағыттарындағы жұмыстарды түсіндірді.
Кездесуде мемлекеттік қаржы жүйесін цифрлық форматқа көшірудің негізгі мақсаты — қаржы ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау екені айтылды.
Қаржы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру бағытында «Baqylauda» жүйесін іске қоса бастады. Бұл бастама мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін бақылауға және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бағалауға бағытталған.
Вице-министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта жүйеге 150 мемлекеттік қолдау шарасы енгізілген. Бұған дейін мемлекеттік қолдаудың едәуір бөлігі цифрландырылмағандықтан, барлық шаралар мен оларды алушылар жөніндегі деректерді бірыңғай әрі өзекті форматта жүргізу мүмкіндігі шектеулі болған.
«Baqylauda» жүйесінде мемлекеттік қолдауды мониторингтеу екі деңгейлі тәсілмен жүзеге асырылады. Алғашқы деңгейде кәсіпкерлердің өтінімдері мемлекеттік органдар мен қолдау шараларының операторлары арқылы қабылданып, қаралады. Кейін қажетті ақпарат интеграция арқылы «Baqylauda» жүйесіне жіберіледі.
Жүйе кәсіпкерге скоринг жүргізіп, белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне мониторинг жасалып, бюджет қаражатын төлеуге қатысты шешім қабылдау процесі цифрлық форматта жүргізіледі.
Мұндай тәсіл мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін бағалауға, кәсіпкерлердің есептілігін арттыруға және бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді.
Кездесуде жекеменшік мектептерді мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы қаржыландыруды цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы мақсатта 2025 жылдың күзінде «OrtaBilim» сервисі іске қосылып, ол білім беруді қаржыландырудың бірыңғай «Bilimge» порталына енгізілді.
Бұған дейін мектептер, Қаржы орталығы және әкімдіктер қаржыландыру процесінде сегіз түрлі ақпараттық жүйені пайдаланған. Жаңа цифрлық тәсіл арқылы бұл процестер бір жүйеге біріктірілді.
Енді мектептерді цифрландырудан бастап бюджет туралы хабарландыру, өтінім беру, қаржыландыруды автоматты бөлу, шарт жасасу және көрсетілген қызметтерге ақы төлеуге дейінгі негізгі операциялар бір цифрлық ортада жүргізіледі.
Жүйеде мектептердің өрт қауіпсіздігі, санитариялық талаптарға сәйкестігі, нысандардың терроризмге қарсы қорғалуы және басқа да талаптарды растайтын құжаттар да ескеріледі. Сонымен қатар қаржыландыру көлемі қолда бар деректер негізінде автоматты түрде анықталып, оқушылар саны нақты уақыт режимінде тексеріледі.
Әрбір қаржылық операцияның цифрлық жүйеде тіркелуі қаржыландыру процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 785 жекеменшік мектеп цифрландырылып, оларға 76 миллиард теңге көлемінде қаржы төленген. Жоспарланған қаржы көлемі 84 миллиард теңге болған. Осылайша, жоспарланған қаражаттың 9,6 пайызына тең 8 миллиард теңге үнемделген.
Ал 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында оператор 750 мектептің актілеріне жалпы сомасы 103,4 миллиард теңге көлемінде ақы төлеген. Қазіргі уақытта платформада 858 жекеменшік мектеп цифрландырылған.
Цифрландыру барысында жекеменшік білім беру ұйымдарына қатысты бірқатар мәселелер де анықталған. Атап айтқанда, жүйе 126 мектептің балаларды оқытуға арналмаған ғимараттарда, соның ішінде коттедждерде, кеңселерде және өндірістік нысандарда орналасқанын көрсеткен.
Осыған байланысты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ғимараттарының нысаналы мақсаты білім беру қызметін жүзеге асыруға арналмаған жекеменшік мектептерді мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қаржыландыру тоқтатылады. Осы уақытқа дейін білім беру ұйымдарына өз нысандарын санитариялық, қала құрылысы және басқа да белгіленген талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік берілген.
Қаржы министрлігі бұл талаптардың мақсаты жекеменшік білім беру ұйымдарына мемлекеттік қолдауды қысқарту емес, мемлекеттік қаржыландыруға қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Мемлекеттік қаржыны цифрландырудың тағы бір бағыты — денсаулық сақтау саласындағы медициналық қызметтерге ақы төлеу процесін автоматтандыру.
Бұл бағытта бірыңғай «Qalqan» порталы енгізіліп жатыр. Жүйе медициналық қызмет көрсету фактісі мен медициналық ұйым туралы деректерді жинаудан бастап, оларды автоматты тексеру, қызмет ақысын төлеу және кейінгі талдауға дейінгі қаржыландыру тізбегін цифрлық форматқа көшіреді.
Қазіргі таңда «Qalqan» порталына Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландыратын республикалық деңгейдегі медициналық ұйымдардың 100 пайызы, яғни 1 767 ұйым қосылған.
Сонымен қатар медициналық ұйымдардың өндірістік базаларын цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазірдің өзінде шамамен 12,4 мың нысан цифрландырылған. Порталға төрт жеке медициналық ақпараттық жүйе де қосылған.
Қордың негізгі төрт бизнес-процесінің ішінде сатып алу және ақы төлеу бағыттары да біртіндеп «Qalqan» жүйесіне көшіріліп жатыр.
Шымкентте «Qalqan» жүйесін енгізу толық аяқталған. Қаладағы 165 медициналық ұйымның барлығы жүйеге қосылған. Оның ішінде 35 ұйым жекеменшік болса, 130-ы мемлекеттік медициналық ұйымдарға жатады.
Осылайша, «Qalqan» медициналық қызметтерге ақы төлеу құралы болумен қатар, денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыруды басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесіне айналу бағытында дамып келеді.
Кездесуде көпшілікті қызықтыратын цифрлық теңге мәселесі де талқыланды. 2026 жылы цифрлық теңге мемлекеттік сатып алу, инфрақұрылымдық жобалар, субсидиялау және салықтық әкімшілендірудің жекелеген бағыттарын қоса алғанда, бюджеттік процестерге енгізіле бастады.
Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, цифрлық теңгені мемлекеттік қаржы саласына енгізудің мақсаты тек бюджет қаражатын жаңа цифрлық нысанға ауыстыру емес. Негізгі міндет — бюджет шығыстарын басқарудың жаңа тетігін қалыптастыру.
Цифрлық теңгенің ерекшеліктерінің бірі — бюджет қаражатының қозғалысын қаржыландыру көзінен бастап түпкілікті алушыға дейін бақылау мүмкіндігі. Бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалауға және белгіленген талаптардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге цифрлық формат бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін төмендетуге және мемлекеттік шығыстардың ашықтығын арттыруға бағытталған.
Дәстүрлі қаржылық процесте бақылаудың негізгі тетіктері міндеттемені қабылдау және төлем жүргізу кезеңдерінде жүзеге асырылса, цифрлық теңге жағдайында бақылау ауқымы кеңейеді. Яғни қаражаттың қозғалысын төлем жасалғаннан кейін ғана емес, бюджет есебінен жасалған азаматтық-құқықтық мәміле бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін қадағалау мүмкіндігі қарастырылады.
Бұл тәсіл мемлекеттік қаражаттың нақты қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Цифрландырудың негізгі мақсаты — ашықтық пен тиімділікті арттыру
Шымкентте таныстырылған цифрлық жүйелер мемлекеттік қаржы саласының әртүрлі бағыттарын қамтиды. «Baqylauda» мемлекеттік қолдау шараларын бақылауға бағытталса, «Bilimge» және оның құрамындағы «OrtaBilim» білім беру саласын қаржыландыру процестерін біріктіреді. Ал «Qalqan» денсаулық сақтау саласындағы медициналық қызметтерге ақы төлеуді цифрландыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық теңгені бюджет процестеріне енгізу қаржы қозғалысын бақылаудың қосымша мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған. Осы жүйелердің ортақ бағыты — қаржыны жоспарлау мен бөлуден бастап, оның нақты пайдаланылуына дейінгі процестерді цифрлық форматта бақылау.
Жаңа жүйелердің енгізілуі мемлекеттік органдар, бизнес, білім беру және медициналық ұйымдар арасындағы қаржылық процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар деректерді бір жүйеге жинақтау шешім қабылдау кезінде нақты ақпаратты пайдалануға жағдай жасайды.
Шымкенттегі кездесуде таныстырылған жобалар мемлекеттік қаржыны басқаруда цифрлық технологиялардың қолданылу ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Мемлекеттік қолдауды бақылау, білім беру мен медицина салаларын қаржыландыру және бюджет қаражатының қозғалысын қадағалау процестерінің цифрландырылуы мемлекеттік қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл жұмыстардың түпкі мақсаты — мемлекеттік қаражатты тиімді басқару, бақылау механизмдерін жетілдіру және азаматтар мен бизнес үшін қаржы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету.




