Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ұйымдардағы құқықтық тәуекелдерді төмендету бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге арналған кәсіби форум өтіп жатыр. Қызғалдақ сарайында ұйымдастырылған жиынға қаладағы 170-тен астам комплаенс қызметкері қатысып, саладағы соңғы заңнамалық өзгерістер мен жұмыс тәсілдерін талқылауда.
Кәсіби басқосуды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырды. Форумның негізгі мақсаты – комплаенс қызметтерінің қоғамдағы және ұйымдардағы рөлін күшейту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру.
Бүгінде комплаенс қызметі квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардың ішкі жұмыс жүйесінде маңызды орын алады. Оның негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала анықтап, оларды төмендетуге бағытталған шараларды ұйымдастыру. Яғни бұл қызмет құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет етпей, оның алдын алуға басымдық береді.
Форум барысында осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше мән берілді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қанат Қадырбеков комплаенс институтының қоғам үшін маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, тұрғындар арасында комплаенс қызметінің нақты немен айналысатыны туралы сұрақтар жиі кездеседі. Осыған байланысты мамандардың жұмыс бағытын түсіндірумен қатар, олардың қызметінің практикалық нәтижесін арттыру маңызды.
«Комплаенс қызметі квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізеді. Бұл институт сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада бекітіліп, оның міндеттері мен бағыныстылығы нақты көрсетілген. Ал оның жұмысын үйлестіру біздің агенттікке жүктелген. Сондықтан бүгін қаладағы 170-тен аса комплаенс қызметкерін жинап, осындай форум өткізіп отырмыз», – деді Қанат Қадырбеков.
Жиында мамандарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалық өзгерістер түсіндіріліп, комплаенс қызметінің жұмысын ұйымдастыруға қатысты жаңа талаптар таныстырылды. Бұл ретте заңнамадағы өзгерістерді уақытылы меңгеру қызметкерлердің күнделікті жұмысында маңызды рөл атқарады.
Департамент басшысының мәліметінше, 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызмет саласына бірқатар жаңашылдық енгізілген. Соның бірі – мемлекеттік мекемелерде құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасы қызметін құру мәселесі. Оның бағыттарының бірі комплаенс қызметінің жұмысын үйлестіруге арналған.
Сонымен қатар 13 тамыздан бастап комплаенс қызметінің жұмысын реттейтін жаңа үлгілік ереже күшіне енген. Форум барысында осы өзгерістердің мазмұны мен оларды іс жүзінде қолдану жолдары кеңінен талқылануда.
Мұндай жаңашылдықтар комплаенс қызметінің жұмысын біріздендіріп қана қоймай, ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Себебі әр ұйымның ішкі үдерістерінде белгілі бір тәуекелдер болуы мүмкін. Оларды дер кезінде анықтау – құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі шарттарының бірі.
Форумға Республикалық комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жөніндегі сарапшысы Айпара Адибай арнайы шақырылған. Сарапшы комплаенс институтының үнемі жетілдіріліп отыруы қажеттігін атап өтті.
Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың өзгеруі – саладағы жинақталған тәжірибені ескеріп, жұмыс тәсілдерін жетілдірудің заңды процесі. Комплаенс қызметі қалыптасқаннан бері бірнеше жыл ішінде оның ішкі талдау жүргізу, тәуекелдерді бағалау және алдын алу шараларын ұйымдастыру бағытында тәжірибе жинақталған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға уақытылы өзгерістер енгізіліп тұрады. Себебі комплаенс қызметі қалыптасқалы төрт-бес жыл болды. Осы жылдар аралығында аталған қызметтің жүргізіп жатқан ішкі талдауларының сапасын бақыладық. Егер өзгеріс қажет болса, тиісті бұйрық арқылы бұл қызметке қажетті өзгерістер енгізіледі. Мұндағы негізгі мақсат – квазимемлекеттік ұйымдардағы процестерде болатын тәуекелдерді уақытылы төмендету және сыбайлас жемқорлықпен нәтижелі күресу», – деді Айпара Адибай.
Форумның басты ерекшелігі – қатысушыларға теориялық ақпарат берумен ғана шектелмей, практикалық жұмыс ұйымдастырылуында. Күннің бірінші жартысында мамандар заңнамадағы өзгерістермен, комплаенс қызметінің міндеттерімен және халықаралық тәжірибемен танысса, түстен кейін нақты кейстермен жұмыс істейді.
Қатысушылар арнайы топтарға бөлініп, ұйымдарда туындауы мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайды. Бұдан кейін сол тәуекелдерді бағалап, оларды төмендетуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлейді. Мұндай формат мамандарға алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік береді.
Практикалық тапсырмалардың тағы бір маңызды қыры – комплаенс қызметкерлерінің нақты жұмыс жағдайында шешім қабылдау қабілетін жетілдіру. Себебі тәуекелді анықтау ғана жеткіліксіз. Оның ықтимал салдарын бағалап, алдын алу шараларын нақты жоспарлау қажет. Бұл ретте әр ұйымның қызмет ерекшелігі де ескерілуі тиіс.
Комплаенс қызметінің тиімділігі ұйымдағы құқық бұзушылықтардың алдын алумен ғана өлшенбейді. Оның маңызды бағыттарының бірі – қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Бұл үшін заң талаптарын түсіндіру, этикалық нормаларды сақтау, ішкі рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және тәуекелдер туралы ақпаратты дер кезінде зерделеу маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте ұйымдастырылған форум мамандардың өзара тәжірибе алмасуына да мүмкіндік береді. Әртүрлі ұйымдарда жұмыс істейтін комплаенс қызметкерлері ортақ мәселелерді талқылап, тиімді тәсілдермен бөліседі. Мұндай кәсіби диалог саладағы бірізді тәжірибені қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысы тек мемлекеттік органдардың немесе арнайы қызметтердің міндеті емес. Бұл бағытта әрбір ұйымның ішкі мәдениеті мен басқару жүйесінің маңызы зор. Комплаенс қызметтері осы процесте алдын алу тетіктерін қалыптастырып, ұйымдардың ішкі жұмысына тәуекелге негізделген тәсілді енгізуге ықпал етеді.
Шымкенттегі форумның өтуі де осы бағыттағы кәсіби жұмыстың күшейіп келе жатқанын көрсетеді. 170-тен астам маманның басын қосқан жиын жаңа талаптарды талқылап қана қоймай, олардың нақты жұмыс барысында қолданылу жолдарын пысықтауға бағытталған.
Алдағы уақытта комплаенс қызметтерінің жұмысын одан әрі жетілдіру, заңнамалық өзгерістерді тиімді енгізу, тәуекелдерді ерте анықтау және алдын алу мәдениетін қалыптастыру ұйымдардың тұрақты әрі ашық жұмыс істеуіне оң ықпал етпек. Ең бастысы – сыбайлас жемқорлық фактісі орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оған алып келетін себептер мен жағдайларды алдын ала анықтап, тиісті шараларды дер кезінде қабылдау.
Осы бағыттағы кәсіби кездесулер мен тәжірибе алмасу алаңдары комплаенс қызметкерлерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Шымкентте өтіп жатқан форум да осы мақсатқа бағытталған маңызды кәсіби алаңдардың бірі болып отыр.




