Шымкент қаласында Халықаралық жастар күніне орай жастардың басын қосқан ауқымды мерекелік фестиваль өтті. 12 тамыз — Халықаралық жастар күніне арналған «Zhastar Fest – 2026» іс-шарасы Шымсити саябағында ұйымдастырылып, қала жастарының өнері мен шығармашылығын кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Мерекелік кешке жастар, өнерпаздар, қоғам белсенділері, жоғары оқу орындарының өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Фестивальді Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Негізгі мақсат — жастардың шығармашылық қабілетін қолдау, талантты азаматтарға өз өнерін көрсетуге мүмкіндік беру, қоғамдық белсенділікті арттыру және жастарды түрлі мәдени-танымдық бастамаларға тарту.
Мерекелік кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Салтанатты рәсімнен кейін сахна төріне «Шамсинұр» би ансамблі шығып, көрерменге ерекше қойылым ұсынды. Би өнерімен басталған кеш концерттік бағдарламаға ұласып, фестивальдің мерекелік атмосферасын одан әрі қыздырды.
Шара барысында жастар саясаты, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және шығармашылық әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызы айтылды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, қазіргі таңда жас буынның білім алуына, кәсіби дамуына және шығармашылықпен айналысуына қажетті жағдай жасауға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ мерекелік кеште жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу бағытындағы бастамаларға да назар аударылды. Осы ретте нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Жас мобилограф» байқауының жеңімпаздары арнайы марапатқа ие болды.
Қала әкімінің орынбасары аталған байқауда үздік нәтиже көрсеткен жастарға қаржылай сыйлықтарын табыстады. Бұл бастама жастардың шығармашылық қабілетін әлеуметтік маңызды тақырыптарды насихаттауға бағыттаудың тиімді үлгісіне айналып отыр. Мобилографияға қызығушылық танытқан жас буын заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып, қоғамға пайдалы мазмұн қалыптастыруға мүмкіндік алды.
Жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жастарды мерекемен құттықтап, ел мен қала өміріне белсенді араласып, қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген азаматтарға қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Мұндай марапат жастардың еріктілік қозғалысына, қоғамдық бастамаларға және әлеуметтік жобаларға қатысуына қосымша серпін береді. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан жас азаматтардың еңбегін атап өту олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.
Фестиваль барысында Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының ректорлары да жастарға жылы лебіздерін білдірді. Олар жас буынға білімге ұмтылып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, елдің дамуына өз үлесін қосуға шақырды.
«Zhastar Fest – 2026» тек концерттік бағдарламамен шектелмей, жыл бойы жастар арасында өткізілген шығармашылық жобалардың қорытынды алаңына да айналды. Фестиваль аясында ұйымдастырылған түрлі байқауларда өнер көрсетіп, өз қабілетін танытқан жастардың үздіктері сахна төрінде марапатталды.
Атап айтқанда, «Оқырман», «Stand Up», «Поэзия», «Акустика» және «Заманауи би» бағыттары бойынша өткен байқаулардың жеңімпаздары арнайы марапаттарға ие болды. Әр бағыт жастардың түрлі қырын ашуға мүмкіндік берген. Бірі кітап оқуға деген қызығушылығын танытса, енді бірі сахналық әзіл мен актерлік шеберлігін көрсетті. Поэзия мен акустикалық музыкаға қызығатын жастар шығармашылық ізденісін ортаға салса, заманауи би бағыты бойынша қатысушылар өздерінің сахналық шеберлігін паш етті.
Фестивальдің концерттік бағдарламасы да мазмұнды болды. Кеш барысында Бағлан Жолдасов, Астана Қарғабай, Сырым Исабаев, Қуаныш Әбжапбар және Алуа Мерген сынды өнерпаздар сахнаға шығып, қала тұрғындары мен жастарға өздерінің әндерін ұсынды.
Әуезді әндер мен заманауи музыкалық шығармалар кештің көркін қыздырып, көрермендердің көңіл-күйін көтерді. Жастардың белсенді қатысуы фестивальдің негізгі мақсаты — өнер мен шығармашылықты қолдау, жастарды бір ортаға топтастыру міндетінің жүзеге асқанын көрсетті.
Кештің соңғы бөлігінде көрермендер үшін арнайы шоу-бағдарлама ұйымдастырылды. «Шамсинұр» би ансамблі сахнаға қайта шығып, көрерменге ерекше би қойылымын ұсынды. Сонымен қатар «Арт Шоу» тобы мен «Бурхан Стайл» барабан шоуы өнер көрсетіп, мерекелік кештің әсерлі аяқталуына себеп болды.
«Zhastar Fest – 2026» фестивалі қала жастарының шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, түрлі бағыттағы талантты азаматтарды бір алаңға жинаған маңызды мәдени шара болды. Мұндай жобалар жастардың өз қабілетін дамытуына, жаңа орта қалыптастыруына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Жастардың өнерін қолдау, олардың қоғамдық бастамаларын ынталандыру және шығармашылық жобаларға қатысуына жағдай жасау — жас буынның әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызды тетігі. Сондықтан осындай мәдени және әлеуметтік бағыттағы жобалардың тұрақты өткізілуі қала жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Шымкенттегі «Zhastar Fest – 2026» фестивалі де осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде жастардың бірлігін нығайтып, өнерге, білімге және қоғамдық белсенділікке деген қызығушылығын арттырған мазмұнды мерекелік кеш болды.




