Шымкент қаласындағы «Шымкент жүрек орталығында» жүрек ырғағы бұзылыстарын емдеуге арналған заманауи медициналық технология – импульстік-өрістік абляция (Pulsed Field Ablation, PFA) әдісі сәтті енгізіліп, алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Қазақстанда алғаш рет қолданылып отырған бұл жоғары технологиялық тәсіл күрделі жүрек аритмиясына шалдыққан науқастарды қауіпсіз әрі тиімді емдеуге мүмкіндік беріп, медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруде.
Жаңа технология міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қолжетімді. Бұл пациенттердің жоғары технологиялық операцияларды тегін алуына мүмкіндік беріп, жүрек ауруларын емдеудің заманауи әдістерін көпшілікке қолжетімді ете түсуде. Мамандардың айтуынша, жаңа тәсілдің енгізілуі жүрек ырғағы бұзылған науқастардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, ауыр асқынулардың алдын алуға да ықпал етеді.
Жаңа әдістің тиімділігін сезінгендердің бірі – 48 жастағы Қалия Аширбаева. Ол бірнеше жыл бойы жүрекше фибрилляциясынан зардап шегіп, жүрек қағысының жиілеуі салдарынан ай сайын жедел жәрдем көмегімен ауруханаға түсіп жүрген. Дәрігерлердің ұсынысымен МӘМС жүйесі арқылы жоғары технологиялық операциядан өткеннен кейін оның денсаулық жағдайы айтарлықтай жақсарған.
«Шымкент жүрек орталығының» интервенционалды бөлімінің меңгерушісі Дәурен Кенжебаевтың айтуынша, жүрек жыбыры – әлемде ең жиі кездесетін жүрек ырғағының бұзылыстарының бірі. Бұл дерт уақытында емделмеген жағдайда инсульт пен жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынулардың қаупін бірнеше есе арттырады. Сондықтан мұндай ауруларды ерте кезеңде анықтап, заманауи әдістер арқылы емдеу пациенттің өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.
Импульстік-өрістік абляцияның басты ерекшелігі – импульстік электр өрісі тек зақымданған жүрек тіндеріне әсер етеді. Соның нәтижесінде өңеш, жүйке талшықтары және қан тамырлары сияқты маңызды ағзаларға зақым келтіру қаупі едәуір төмендейді. Бұл операцияның қауіпсіздігін арттырып, науқастың тезірек қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді.
Жаңа технологияны енгізу мақсатында орталық дәрігерлері халықаралық тәжірибені де белсенді меңгеруде. Жақында өткен шеберлік сабағына Қытайдан келген жетекші аритмолог мамандар қатысып, шымкенттік дәрігерлермен тәжірибе алмасып, жаңа әдісті қолданудың заманауи тәсілдерімен бөлісті. Мұндай халықаралық ынтымақтастық отандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және әлемдік медицинаның озық тәжірибесін өңірде енгізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде «Шымкент жүрек орталығында» жыл сайын жүрек ырғағы бұзылған 600–700-ге жуық науқасқа жоғары технологиялық операция жасалады. PFA технологиясының енгізілуі бұл көрсеткіштің сапасын арттырып, күрделі кардиологиялық ауруларды емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Мамандар алдағы уақытта да заманауи емдеу әдістерін кеңінен қолданып, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жалғастырады.




