Шымкент қаласындағы №2 Оқушылар сарайының дендросаябақ аумағында орналасқан дарынды балаларға арналған жазғы лагерь жазғы демалыс маусымында өз жұмысын табысты жалғастыруда. Дарынды әрі шығармашылық қабілеті жоғары оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған бұл жоба балалардың білімін толықтырып, жан-жақты дамуына қолайлы мүмкіндік беріп отыр.
Аталған лагерь Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дарынды балаларды қолдау және олардың қабілетін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаты аясында ұйымдастырылған маңызды бастамалардың бірі саналады. Мұнда әрбір қатысушының шығармашылық, зияткерлік және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Әр ауысымда лагерьде 30 дарынды оқушы демалады. Он екі күнге созылатын бағдарлама барысында балалар түрлі білім беру, танымдық және шығармашылық іс-шараларға қатысып, жаңа білім алып, өздерінің қызығушылықтары мен қабілеттерін одан әрі шыңдайды. Сонымен қатар олар құрдастарымен тәжірибе алмасып, достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алады.
Лагерь заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда балалардың сапалы демалуына және денсаулығын нығайтуына қажетті барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, бассейн, тренажер залы, кең кітапхана, түрлі бағыттағы білім беру кабинеттері мен шығармашылық үйірмелер тұрақты жұмыс істейді.
Бағдарлама аясында мәдени-танымдық кездесулер, концерттік кештер, спорттық жарыстар, зияткерлік сайыстар, шеберлік сабақтары және командалық ойындар өткізіледі. Мұндай іс-шаралар оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырып, өз ойын еркін жеткізуіне және топпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
Лагерьде балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Демалыс барысында тәрбиешілер мен мамандар әр баланың күн тәртібін тиімді ұйымдастырып, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстайды. Сонымен қатар дұрыс тамақтану, белсенді демалыс және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.
Дарынды балаларға арналған жазғы лагерьдің негізгі мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды өткізу ғана емес, олардың шығармашылық әлеуетін ашып, ғылыми ізденіске, өнер мен спортқа қызығушылығын арттыру. Осындай жобалар арқылы өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, олардың болашақта ел дамуына үлес қосатын білімді әрі белсенді азамат болып қалыптасуына негіз қалануда.




