2026 жылғы 18 маусымнан бастап Әбдібай Мадияр Мұхтарұлы қызметтік ауысуына байланысты Түркістан облысы Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы болып тағайындалды.
Мадияр Мұхтарұлы еңбек жолында сот орындаушы, жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарып, кейін Абай аудандық аумақтық сот орындаушылары бөлімінің бастығы – аға сот орындаушы лауазымында еңбек етті.
Ол 2011 жылдан бері Қазақстандағы Жеке сот орындаушылар институтының қалыптасуы мен дамуына белсенді атсалысып келеді. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Жеке сот орындаушылар өңірлік алқасының төрағасы, кейін Өңірлік палатасының басшысы қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ, 2026 жылдың маусым айына дейін Шымкент қаласы Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасын басқарып, атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіру мен дамыту бағытындағы жұмыстарға жетекшілік етті.
Көпжылдық тәжірибесі, жоғары кәсіби біліктілігі және ұйымдастырушылық қабілеті саланың дамуына серпін беріп, бірқатар маңызды бастамалардың жүзеге асуына негіз болды.
Мадияр Мұхтарұлы I,II,lll дәрежелі үздік сот орындаушы, Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына 5, 10, 15 жыл медальдарымен, “атқарушылық құжаттарды орындау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” медалімен, “Қазақстанның құрметті заңгері” медалімен, “әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” медалімен, “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл” және “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл” медалімен марапатталған.
Әріптестері мен сала өкілдері Мадияр Мұхтарұлын жаңа қызметімен құттықтап, жауапты лауазымдағы жұмысына толағай табыс, нәтижелі еңбек және жаңа жетістіктер тіледі.




