Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік мектептердің рейтингін жариялады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижелері негізінде жасалған бұл рейтингке республика көлемінде жоғары жетістік көрсеткен 114 білім беру ұйымы енгізілді. Қуаныштысы, Қазақстанның үздік 100 мектебі қатарынан Шымкент қаласының алты білім ордасы орын алып, мегаполистің білім саласындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Биылғы республикалық олимпиада еліміздің алты өңірінде ұйымдастырылып, оған 676 мектептен 1636 оқушы қатысты. Білім додасында оқушылар математика, физика, химия, биология, информатика, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, тарих, география және басқа да пәндер бойынша өз білімдерін сынады. Қатысушылардың жоғары дайындық деңгейі мен ғылыми ізденіске деген қызығушылығы еліміздегі білім сапасының артып келе жатқанын көрсетті.
Рейтингті қалыптастыру кезінде арнайы бағалау жүйесі қолданылды. Оған сәйкес алтын медаль иегерлеріне – 3 ұпай, күміс медальға – 2 ұпай, ал қола медальға – 1 ұпай берілді. Осы көрсеткіштер негізінде мектептердің жалпы нәтижесі есептеліп, үздік білім беру ұйымдарының тізімі жасалды.
Шымкент қаласынан үздік 100 мектептің қатарына енген білім ордалары мыналар:
«Білім-Инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты;
Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты;
З. Хусанов атындағы №110 жалпы орта білім беретін мектеп;
Айбек атындағы №14 жалпы орта білім беретін мектеп;
А. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия;
Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия.
Бұл мектептер жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Аталған білім беру ұйымдарында оқушылардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға, ғылыми жобалармен айналысуына және олимпиадаларға сапалы дайындалуына барлық жағдай жасалған. Тәжірибелі педагогтар мен заманауи білім беру бағдарламалары шәкірттердің үздік нәтижелерге жетуіне мүмкіндік беріп отыр.
Әсіресе «Білім-Инновация» лицейлері мен мамандандырылған ІТ мектептері соңғы жылдары республикалық олимпиадаларда тұрақты түрде көш бастап келеді. Бұл оқу орындарының түлектері еліміздің және шетелдің беделді жоғары оқу орындарына түсіп, ғылым, технология және түрлі кәсіби салаларда табысты еңбек етуде.
Мамандардың пікірінше, Шымкент мектептерінің республикалық рейтингтегі жоғары нәтижесі кездейсоқ жетістік емес. Бұл – қаладағы білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың, педагогтердің кәсіби шеберлігінің және дарынды балаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты жемісі.
Соңғы жылдары Шымкентте білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қалада жаңа мектептер салынуда, заманауи пәндік кабинеттер ашылып, цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Сонымен қатар оқушыларды олимпиадаларға, ғылыми жобаларға және халықаралық байқауларға дайындау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Айта кету керек, өткен 2024–2025 оқу жылында Шымкент қаласынан бес мектеп қана республикалық үздіктер қатарына енген болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш алты мектепке жетіп отыр. Бұл қаладағы білім сапасының тұрақты түрде өсіп келе жатқанын және білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді.
Шымкенттік оқушылардың республикалық олимпиадалардағы жоғары жетістіктері жастардың білімге деген ынтасын арттырып қана қоймай, қала мәртебесін де көтеруде. Алдағы уақытта білім саласындағы осындай нәтижелердің артуы Шымкенттің еліміздегі жетекші білім орталықтарының біріне айналуына жол ашатыны сөзсіз.
Білім мен ғылымды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі. Сондықтан дарынды жастарды қолдау, олардың қабілеттерін шыңдау және сапалы білім беру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа жетістіктерге негіз болмақ.




