
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекет пен халық арасындағы сенімге нұқсан келтіретін ең қауіпті құбылыстардың бірі. Ол азаматтардың құқықтарының бұзылуына, мемлекеттік қызметтердің сапасының төмендеуіне және әлеуметтік әділеттіліктің әлсіреуіне әкеледі. Сондықтан қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек жазалау шараларымен ғана шектелмей, оның алдын алу, ашықтықты қамтамасыз ету және адами фактордың ықпалын азайту бағытында жүргізілуде.
Мемлекет басшысы бірнеше рет халыққа қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету және цифрландыруды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударған болатын. Бүгінгі күні әділет саласында енгізіліп жатқан жаңа цифрлық жобалар мен автоматтандырылған жүйелер осы мақсаттарға тікелей қызмет етеді.
Сыбайлас жемқорлық көбіне азамат пен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланыс кезінде туындайтыны белгілі. Құжаттарды рәсімдеу, анықтамалар алу немесе түрлі қызметтерді пайдалану барысында адами фактор әсерінен заңсыз әрекеттерге жол берілу қаупі жоғары болады. Осыған байланысты мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру маңызды қадамға айналды.
Қазіргі таңда заңгерлік көмек алу бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Азаматтар «Е-заң көмегі» платформасы арқылы онлайн кеңес ала алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-бот енгізілуде. Бұл жүйе тәулік бойы азаматтардың құқықтық сұрақтарына жауап беріп, қажетті ақпараттарды ұсынады. Мұндай цифрлық құралдар азаматтардың делдалдарға тәуелділігін төмендетіп, құқықтық көмек алудағы ашықтықты қамтамасыз етеді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды тетіктердің бірі – процестерді толық автоматтандыру. Мысалы, бұрын кейбір азаматтар атқару жазбасының шығарылғаны туралы кеш хабар алып, түрлі мәселелерге тап болатын. Қазіргі таңда бұл мәселе автоматты хабарландыру жүйесі арқылы шешімін табуда. Азаматтарға 1414 қызметі арқылы хабарлама жіберіліп, олар онлайн түрде қарсылық білдіру мүмкіндігіне ие болды.
Бұл жерде ең маңыздысы – азаматтардың мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға бірнеше рет барып, уақыт жоғалтуының қажеті жоқ. Барлық рәсімдер электронды түрде жүргізіледі. Мұндай жүйе артық бюрократиялық кедергілерді жоя отырып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың тағы бір маңызды бағыты – мемлекеттік және құқықтық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету. Бүгінде азаматтар сот орындаушыларының әрекеттерін бақылауға мүмкіндік алды. «Тараптар кабинеті» сервисі арқылы өндіріп алушы немесе борышкер өз ісінің орындалу барысын толық көре алады. Онда орындалған шаралар жасыл түспен, орындалмаған әрекеттер қызыл түспен белгіленеді.
Бұл жүйе азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қызмет көрсетуші тараптардың жауапкершілігін күшейтеді. Себебі кез келген әрекет электронды жүйеде тіркеліп, бақылауда болады. Ашықтық бар жерде заңсыз әрекеттердің орын алу ықтималдығы да төмендейді.
Сондай-ақ құқықтық қызметтерді көрсететін мамандардың қызметін бақылау жұмыстары да күшейтілуде. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты да бақылау жүргізілуде.
Бұл – заң талаптарының барлығына бірдей қолданылатынын және ешкімнің жауапкершіліктен тыс қалмайтынын көрсетеді. Заң үстемдігі қамтамасыз етілген қоғамда ғана сыбайлас жемқорлықтың деңгейі төмендейді.
Соңғы жылдары адвокаттарды, нотариустарды және сот орындаушыларын аттестаттау жүйесінің толық автоматтандырылуы да маңызды өзгерістердің бірі болды. Бұл процес қазіргі таңда тестілеу арнайы автоматтандырылған орталықтарда жүргізіледі.
Бұл жаңашылдық аттестаттау процесінің әділдігін қамтамасыз етіп, ашықтық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Әрбір үміткердің білімі бірдей талап бойынша бағаланып, шешім қабылдау кезінде субъективті факторлар азаяды.
Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, құқықтық мәдениетін арттырып, заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытуы қажет.
Қазіргі уақытта енгізіліп жатқан цифрлық технологиялар, автоматтандырылған жүйелер және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыруға бағытталған реформалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді құралдарына айналып отыр.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – ашықтықты қамтамасыз ету, цифрландыруды дамыту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әділ қоғам құру – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Өйткені заң үстемдігі орныққан жерде ғана қоғам тұрақты дамып, халықтың мемлекетке деген сенімі артады.
ҚҰРБАНБЕК ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ
Шымкент қаласының Әділет департаментінің Жеке сот орындаушыларының ұсыныстары бойынша әкімшілік тәжірибе бөлімі-филиалының басшысы, аға сот орындаушы




