Шымкент қаласында еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселе партия назарынан тыс қалған жоқ. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес Еңбекші ауданындағы коммуналдық қызмет мекемесінде көшпелі жиын өткізді.
Жиынға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Ержаппар, қала әкімдігі аппаратының басшысы Берік Әшірбеков, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек, заңгерлер, комиссия және кеңес мүшелері қатысты.
Жиын барысында аталған мекемедегі еңбек дауына қатысты жағдай жан-жақты қаралды. Мекеме қызметкерлері басшылық тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтып, өз шағымдарын жеткізді. Олардың сөзінше, жұмыс барысында дөрекілік таныту, сондай-ақ демалыс күндері жұмысқа шығуға мәжбүрлеу фактілері орын алған. Осыған байланысты ұжым өкілдері мекеме басшылығын ауыстыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Жиында сөз алған Берік Әшірбеков көтерілген мәселе әкімдік тарапынан толыққанды зерделенетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе біржақты шешілмейді және барлық тараптың уәжі ескеріліп, жазбаша арыз-шағымдар негізінде заң аясында тексеру жұмыстары жүргізіледі. Зерделеу мерзімі 15 күнге дейін созылуы мүмкін екені де айтылды. Нәтижесінде тиісті шешім қабылданатыны түсіндірілді.
Өз кезегінде Ербол Байқонысов аталған мәселе партиялық бақылауға алынатынын, әрбір азаматтың еңбек құқықтары толық сақталуы тиіс екенін ерекше атап өтті:
«Қандай жағдай болмасын, еңбек адамының құқығы қорғалуы қажет. Бұл мәселе партия тарапынан жіті бақылауда болады. Әрбір өтініш пен шағым заң аясында қаралып, әділ шешім қабылдануы тиіс», – деді ол.
Айта кетейік, бұл жағдай бір күн бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, қоғамда белгілі бір резонанс тудырған болатын. Қазіргі таңда жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тараптар сабырға келіп, мекеме қалыпты жұмысын жалғастырып отыр.




