Жоғары оқу орындары жанынан құрылған заң клиникалары – қоғам мен білім беру жүйесін байланыстыратын маңызды институттардың бірі. Бұл құрылымдар бір жағынан азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетсе, екінші жағынан болашақ заңгер студенттердің тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 01 ақпандағы № 200 қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспары» бекітілді. Аталған Іс-қимыл жоспарының 29-тармағына сәйкес жоғары оқу орындары жанынан заң клиникаларын құру практикасын кеңейту көзделген. Бұл бастама аясында азаматтарға тегін заңгерлік консультация мен практикалық көмек көрсету, заң клиникаларының қызметін стандарттау, сондай-ақ студенттерге арналған ынталандыру шараларын әзірлеу және енгізу міндеттері айқындалған.
Жоспар талабын орындау мақсатында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында заң клиникасы құрылды. Бұл клиника университеттің білім беру қызметін тәжірибемен ұштастыруға және қоғамға нақты пайда әкелуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Аталған жоспарды жүзеге асыру шеңберінде семинарлар өткізу және студенттерді практикалық жұмыс дағдыларымен таныстыру жоспары әзірленіп, тиісті іс-шаралар ұйымдастырылды. Семинарлар барысында студенттер нақты құқықтық жағдайларды талдау, заң құжаттарын әзірлеу, азаматтармен жұмыс істеу тәртібі сияқты маңызды кәсіби дағдыларды меңгерді.
Сонымен қатар, заң клиникасы аясында тұрғындарға тегін құқықтық кеңестер беріліп, олардың құқықтық мәселелерін шешуге практикалық көмек көрсетілді. Бұл өз кезегінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң көмегіне қолжетімділікті кеңейтуге ықпал етті.
Заң клиникалары студенттерді ынталандыруда да ерекше рөл атқарады. Клиника жұмысына қатысу арқылы студенттер тәжірибе жинақтап қана қоймай, кәсіби тұрғыдан қалыптасады. Осы мақсатта студенттерге академиялық жеңілдіктер, сертификаттар беру, үздік қатысушыларды марапаттау және тағылымдамалар ұйымдастыру сияқты ынталандыру шараларын енгізу маңызды.
ЖОО жанындағы заң клиникалары – қоғам мен білім беру жүйесінің өзара тиімді байланысын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Олар азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетіп, студенттердің кәсіби дамуына жағдай жасайды. Сондықтан мұндай бастамаларды әрі қарай дамыту және жетілдіру – еліміздің құқықтық мәдениетін нығайтудың маңызды бағыты болып табылады.
С.Бахтыяр
Шымкент қаласы Әділет департаментінің
құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік
қызмет көрсету бөлімінің бас маманы




