Сауран ауданында биыл өндіріс саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар легі іске асырыла бастады. Жыл басынан бері жалпы саны 124 өндірістік жоба бойынша құрылыс жұмыстары қолға алынып, олардың 35-і толық аяқталып, өндіріс әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса бастады. Бұл көрсеткіш ауданның экономикалық өсіміне серпін берумен қатар, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына айтарлықтай оң әсер етіп отыр.
Өндірістік жобалардың басым бөлігі Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде жүзеге асырылуда. Бұл аймақтар инфрақұрылымдық тұрғыдан өндірісті орналастыруға қолайлы: жолдары жөнделген, инженерлік-коммуникациялық желілер тартылған, кәсіпкерлер жұмысын оңтайландыруға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Жобалардың географиялық тұрғыдан әр ауылдық округте шоғырлануы ауданда өндірістің тең дамуына мүмкіндік береді.
Өңірде іске қосылатын өндіріс орындарының саны мен түрлері де айтарлықтай кеңейіп отыр. Атап айтқанда:
- Құрылыс материалдарын шығаратын – 36 цех. Бұл нысандар ауданның ғана емес, өңірдің құрылыс саласына қажетті өнімдерді жергілікті жерде өндіруге жол ашады.
- Жиһаз дайындайтын – 35 цех. Заманауи технологиямен жабдықталатын бұл кәсіпорындар ішкі нарықтағы сұранысты толық өтеуге мүмкіндік береді.
- Азық-түлік өнімдерін өндіретін – 25 кәсіпорын жолға қойылуда. Бұл өз кезегінде халықты сапалы әрі қолжетімді тағам өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
- Резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдейтін – 8 цех құрылуда. Мұндай кәсіпорындар өнеркәсіптік кластердің маңызды элементі sanалады.
- Электротехникалық құрылғылар шығаратын – 5 кәсіпорын жұмысын бастауға дайын. Бұл сала жоғары технологиялар мен жаңашылдықты талап ететін бағыттардың бірі.
- Тігін өндірісімен айналысатын – 5 фабрика іске қосылады. Фабрикаларда әйелдер мен жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады.
- Дәрі-дәрмек өндіретін – 1 өндіріс орны. Бұл медициналық өнімдерге деген сұранысты төмендетуге және импортқа тәуелділікті азайтуға септігін тигізеді.
- Ауылшаруашылық жабдықтарын құрастыратын – 8 кәсіпорын аграрлық салаға қызмет көрсетуді жақсартуға мүмкіндік береді.
- Қағаз өңдейтін – 1 цех қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған экологиялық бастамалардың бірі болып табылады.
Аудан бойынша жоспарланған жобалардың түр-түрі, олардың қарқыны және әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы Сауранның индустриялық дамуын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Жалпы алғанда, өндірістік жобалардың қарқынды жүзеге асырылуы Сауран ауданының индустриялық әлеуетін күшейтіп, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарының жаппай ашылуына үлкен мүмкіндік беруде. Бұл ауданды облыстың маңызды өндірістік орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланады.




