Қазақстанда сот орындаушыларға шағымдану мобильді қосымша арқылы мүмкін болды, деп хабарлайды Түркістан облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы.
«AdiletGov мобильді қосымшасы іске қосылған сәттен бастап 2,5 мыңнан астам азамат сот орындаушыларына жүгініп, өз мәселелерін орындаушылық іс жүргізу шеңберінде шешті. AdiletGov мобильді қосымшасы Қазақстан Республикасының әділет министрлігі мен жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы бірлесіп әзірлеген. Қосымша арқылы азаматтар орындаушылық іс жүргізудің барысы туралы ақпарат ала алады, сот орындаушылары қабылдаған шараларды көре алады, өтініштер, арыздар мен шағымдар жібере алады, сондай-ақ олардың қаралу мәртебесін бақылай алады», — делінген палата хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, пайдаланушылар нақты уақыт режимінде сот орындаушысының қандай іс жүргізу әрекеттерін орындағанын көре алады.
«Егер белгілі бір әрекеттер орындалмаған болса, олардың қабылдануы жөнінде өтініш жолдап, бес жұмыс күні ішінде жауап ала алады. Сот орындаушысы белгіленген мерзімде жауап бермеген немесе тиісті әрекеттерді орындамаған жағдайда, өтініш автоматты түрде өңірлік палата мен әділет департаментіне жолданады», — деп нақтылады өңірлік палата мамандары.




