Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында арнайы жиын өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі – Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Жанұзақов Серғали Әбілхасымұлы және басқарма қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және жемқорлық фактілеріне жол бермеудің жолдары талқыланды.
Серғали Жанұзақов өз баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, соңғы құрылымдық өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, «Антикор» агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына енген, ал осы негізде жаңа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылған.
Сонымен қатар, бұрын «Антикордың» құзырында болған бірқатар функциялар – жемқорлықтың алдын алу, антикор мәдениетін қалыптастыру және тиісті саясатты ұсыну сияқты бағыттар — Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қарауына берілген.
Бас маманның айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтық пен тиімділікті арттыруға, сондай-ақ алдын алу шараларына басымдық беруге бағытталған.
Жиын барысында Серғали Әбілхасымұлы қолданыстағы заңнамалардағы соңғы өзгерістерге де кеңінен тоқталып, басқарма қызметкерлерін хабардар етті. Ол мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне баруы жағдайында:
Қылмыстық,
Әкімшілік,
Тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын нақты атап өтті.
Сонымен қатар, әрбір қызметкер өзінің лауазымдық міндетін атқару барысында адалдық, әділдік және заңдылық принциптерін басшылыққа алуы тиіс екенін еске салды.
Іс-шара соңында басқарма басшылығы мен қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстану қажеттігін атап өтті. Жемқорлықтың алдын алу тек жазалау шараларымен емес, тәрбиелік, ақпараттық және мәдени құралдар арқылы жүзеге асырылуы тиіс екені айтылды.
Жиын барысында қатысушылар сұрақтар қойып, пікір алмасты, сонымен қатар өз мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуге дайын екендерін білдірді.
Бұл жиын — Шымкент қаласында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, адалдықты насихаттау және жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілдерін енгізу жолындағы нақты қадамдардың бірі. Алдағы уақытта осындай ақпараттық-танымдық кездесулер басқа да мемлекеттік мекемелерде өткізіледі деп күтілуде.




