Қоғам алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Қазіргі уақытта жастар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың өсуі қоғам үшін аса қатерлі мәселе болып табылады. Осыған байланысты Шымкент қаласы полиция департаменті балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу – басты мақсат
Балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың өсуін тежеу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы мақсатта Шымкент қаласының полиция қызметкерлері Қаратау ауданындағы №130 мектепте жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырды. Бұл іс-шара балалардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, құқық бұзушылықтың ауыр зардаптарын көрсету және оларды дұрыс өмірлік бағытқа бағыттау үшін маңызды болды.
Кездесуге Шымкент қаласы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков және Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі Бахадыр Бекарыс қатысты. Полиция қызметкерлері оқушылармен ашық диалог жүргізіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Полиция қызметкерлері оқушыларға құқық бұзушылыққа жол бермеу қажеттігін, жаман әдеттерден аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Олар оқушыларға бос уақыттарын тиімді өткізу, жан-жақты даму мен спортпен шұғылдану арқылы дұрыс бағыт табудың жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар, жасөспірімдерге қылмыстық жауапкершілік жасын түсіндіру арқылы құқық бұзушылықтың ауыр зардаптары жайлы кеңінен айтып, болашақта үлгілі азамат болу үшін мектеп қабырғасынан бастап тәрбиеге аса мән беру керектігін жеткізді.
Полиция қызметкерлері адам өмірінің, денсаулығының, құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылық екенін ерекше атап өтті. Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың парызы екенін түсіндіріп, құқық бұзушылыққа қарсы тұрудың маңыздылығын жеткізді.
Бұл кездесу – балалардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың қоғамдағы жауапкершілігін түсіндіру және болашақта құқық бұзушылықтар санын азайтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі ғана.
Шымкент қаласында балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытында осындай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шаралар қоғамдағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге, балаларды дұрыс бағытта тәрбиелеуге және олардың қауіпсіз ортасын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Болашақ ұрпақтың құқықтық сауаттылығы мен салауатты өмір салтын ұстануы – ел дамуының кепілі. Сондықтан мектептер мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы – балалардың жарқын әрі қауіпсіз өмір сүруіне негіз болады.




