Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Жолдауы аясында кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдау мәселелері талқыланған кең көлемді дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараны қалалық прокуратура ұйымдастырып, оған мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты. Барлығы 100-ден астам адам жиналды.
Кездесу «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтті және оның басты мақсаты – өңірде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру және бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру болды.
Шымкент қаласының прокуратура өкілдері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды бастан-аяқ сүйемелдеп отырғанын жеткізді.
– Шымкент – бизнесті дамытуға ең қолайлы өңірлердің бірі. Мұнда 6 индустриалды аймақ пен 1 арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Ағымдағы жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға өсіп, 140,8 мың адамға жетті. 244,8 мың азамат жұмыспен қамтылды. Өндірілген өнім көлемі 23,9%-ға артып, 865,5 млрд теңгеден асты. Ал ШОБ-тың ЖӨӨ-дегі үлесі 57,5%-ға жетті, – деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.
Прокуратура бизнесті қорғауға бағытталған нақты қадамдар жасап отырғанын атап өтті. Соның бірі – «Жасыл дәліз» жобасы. Оның аясында барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер де, кез келген тексеруді бастамас бұрын прокуратурамен келісілуі тиіс.
– Біз тек қадағалау жүргізіп қана қоймай, Шымкентте іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобаларға бастан-аяқ қолдау көрсетеміз. Мемлекеттік органдардың заңсыз араласуын болдырмау үшін тексерулерді үйлестіреміз. Бұзушылық анықталған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады, – деді Шымкент қаласы прокуратурасы аппаратының жетекшісі Шынар Әбжанова.
Сондай-ақ, прокуратура жергілікті атқарушы органдардың бизнеске қатысты жұмысының тиімділігін де бақылауда ұстап отыр.
Кездесу аясында кәсіпкерлерге 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі жайлы да ақпарат берілді. Кодекстің басты мақсаты – бюджет тапшылығын қысқарту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту.
Прокуратура салық органдарын арнайы шақырып, олар кәсіпкерлерге алдағы өзгерістер туралы егжей-тегжейлі түсіндірме берді. Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады – индустриалды аймақтарда, кәсіпорындарда, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында.
– Кәсіпкерлер бізге тікелей жүгіне алады. Біз олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, жобаларын заңды әрі тиімді жүзеге асыруға көмектесуге әрқашан дайынбыз, – деп қосты Шынар Әбжанова.
Прокуратураның мәліметінше, биылғы жылы прокурорлар 22 өзекті істі шешіп, 135 инвестордың құқығын қорғады. Осы бағыттағы басты құралдардың бірі – Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ.
Мысалы, медициналық қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлердің шағымы бойынша прокуратура денсаулық сақтау басқармасының 26 стоматологиялық кабинетке қатысты заңсыз тексеру жүргізу жоспарын тоқтатты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл ведомствоның мұндай тексеру жүргізуге құқығы жоқ.
Шымкент қаласының прокуратурасы кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан және рейдерліктен қорғау мақсатында арнайы ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Оның басты міндеті – бизнестің заңсыз түрде қылмыстық процестерге тартылуына жол бермеу.
Бұл бағыттағы жұмыс нәтижесінде кәсіпкерлерге қатысты бірнеше заңсыз тергеу әрекеттерінің алдын алу мүмкін болды.
Кездесуді қорытындылаған Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту үшін барлық күш жұмсалып жатқанын атап өтті.
– Қауіпсіз және сенімді бизнес-климат тек сенім негізінде қалыптасады. Кәсіпкер өзін заңмен қорғалған сезінуі тиіс. Біз әрбір инвестициялық жобаның ашық, әділ әрі заңды негізде дамуына мүдделіміз. Бұл – мемлекетке, қоғамға, әрі бизнеске тиімді, – деді ол.
Кездесу аясында Шымкенттің индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарында орналасқан кәсіпорындардың өнімдерінен арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл – жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін көрсетуге және жаңа әріптестік мүмкіндіктерін ашуға бағытталған нақты қадам болды.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға жол ашпақ.




