Шымкент қаласында заңсыз иемделген қоғамдық аумақтарды мемлекет меншігіне қайтару ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның жарқын мысалы — қаланың дәл орталығында орналасқан, тарихи және экологиялық маңызы бар «Кең баба» саябағының мемлекетке қайтарылуы. Бұл — тек жер дауын шешу емес. Бұл — қоғамдық кеңістікті сақтау, заң үстемдігін нығайту, әрі азаматтардың ортақ мүддесін қорғау жолындағы маңызды әрі стратегиялық қадам. Бірнеше жыл бұрын аталған аумақ «Алматы-Сапар» ЖШС-не уақытша пайдалануға берілген. Негізгі мақсат — балалар мен жасөспірімдерге арналған эстетикалық және мәдени тәрбие орталығын ұйымдастыру болатын.
Алайда жалға беру мерзімі аяқталған соң, компания жер телімін заңсыз иемденіп, оны жеке мақсатта пайдалана бастаған. Шымкент қалалық әкімдігі бұл заңсыз әрекетке бейжай қарамай, сотқа жүгінді. Нәтижесінде, Шымкент қаласының Жер ресурстарын басқару департаментінің талап қоюы негізінде Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот «Алматы-Сапар» ЖШС-нің жер теліміне қатысты барлық құқықтық құжаттарын жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енді. Қазіргі таңда әкімдік сот шешімін орындау мақсатында: заңсыз салынған құрылыс нысандарын бұзу; жер телімін бастапқы қалпына келтіру; саябақты қоғам игілігіне қайта ұсыну жұмыстарын қолға алды. Қаланың жасыл аймақтары — саябақтар мен скверлер тек табиғи экожүйенің бір бөлігі ғана емес, олар — қалалық мәдениеттің, экологиялық тұрақтылықтың және тұрғындардың өмір сапасының көрсеткіші.
Бұл аумақтардың жеке меншікке заңсыз өтіп кетуі — қала дамуының негізгі философиясына қарсы әрекет. «Қаланың қоғамдық кеңістіктері – урбанистикалық мәдениеттің, тұрғындар өмір сапасының айнасы. Мұндай аумақтарды жеке меншікке заңсыз айналдыру – тек заң бұзушылық емес, қаланың даму философиясына қарсы әрекет», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек брифинг барысында. Бұл іс мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың ашық, әділетті және заңға негізделген саясат ұстанып отырғанын көрсетеді. Заң үстемдігін сақтау арқылы мемлекет: меншігін қорғай алатынын; азаматтардың ортақ мүддесін назардан тыс қалдырмайтынын; бизнес құрылымдардың да заң аясында әрекет етуге міндетті екенін нақты дәлелдеді. «Кең баба» саябағына қатысты шешім басқа компаниялар мен кәсіпкерлерге үлгі болуы тиіс. Жерді уақытша жалға алу — оны иемдену деген сөз емес. Бұл — шартпен берілген, қоғамдық жауапкершілікпен реттелетін мүмкіндік. Шарт мерзімі аяқталғаннан кейін заң талаптары сақталуы тиіс. «Кең баба» саябағы — Шымкент тұрғындары үшін тек демалыс орны ғана емес, бұл — тарихи, мәдени және табиғи маңызға ие қоғамдық кеңістік. Оны мемлекет меншігіне қайтару — заңдылықтың салтанат құруының, қоғамдық игілікті сақтау жолындағы табанды әрекеттің нақты көрінісі. Қоғамдық кеңістікті қорғау – жергілікті билік, сот, бизнес және тұрғындар арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке негізделуі тиіс. Бұл істе мемлекет пен қала әкімдігінің табандылығы, соттың әділетті шешімі — қаланың тұрақты әрі заңды дамуына жол ашатын үлгі боларлық тәжірибе.




