Шымкент қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүйелі іс-шаралар қолға алынуда. Соның бірі – учаскелік инспекторлардың тұрғындармен тікелей кездесіп, жаңа заң талаптарын түсіндіруі.
«КӨРШІЛЕР БАҚЫЛАУЫ» – ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ТИІМДІ МЕХАНИЗМІ
Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты учаскелік полиция инспекторлары қала аумағындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен, ПИК өкілдерімен және аулаларды басқарушы ұйымдармен бірлесіп, «Көршілер бақылауы» бағдарламасының мән-маңызын түсіндірді.
Аталған бағдарлама тұрғындардың өз аулаларындағы қауіпсіздікке белсенді түрде қатысуына бағытталған. Инспекторлар тұрғындарға аула аумағында күдік тудыратын тұлғаларды байқаса, я болмаса бейтаныс адамдардың күмәнді әрекеттеріне куә болса, бұл туралы дереу полицияға хабарлау қажет екенін жеткізді. Мұндай әрекеттер ұрлық, бұзақылық сынды қылмыстардың алдын алуға, құқық бұзушыларды жедел ұстауға мүмкіндік береді.
«Көршілер арасындағы ынтымақтастық – қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы маңызды құрал. Егер әр тұрғын өз ауласындағы тәртіпке бейжай қарамаса, қылмыстың деңгейі едәуір төмендер еді. Бұл – әлем елдерінде өз тиімділігін дәлелдеген жүйе», – дейді полиция департаментінің мамандары.
ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДА БЕТТІ ТОЛЫҚ ЖАУЫП ТҰРАТЫН КИІМГЕ ТЫЙЫМ ЕНГІЗІЛДІ
Сонымен қатар, учаскелік инспекторлар тұрғындарға 2024 жылдың 12 шілдесінен бастап қолданысқа енген заңнамадағы жаңа норма жайлы да ақпарат берді. Атап айтқанда, бұл норма – адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салуға қатысты.
Жаңа талаптарға сәйкес, бетті толықтай жабатын никаб, бетперде секілді киімдер қоғамдық жерлерде киюге рұқсат етілмейді. Бұл шешім қоғамдық қауіпсіздік мақсатында қабылданған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, бет-әлпетті тануға мүмкіндік бермейтін киімдер бейнебақылау жүйесінің тиімділігіне кері әсер етіп, түрлі құқық бұзушылықтарды анықтауда қиындық туғызады. Ал хиджаб, химар, шейла сынды тек шаш пен мойынды жауып, бетті ашық қалдыратын киім түрлеріне бұл тыйым қолданылмайды.
«Бұл шектеу – діни сенімге емес, қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған. Қала тұрғындарының бұл талапқа түсіністікпен қарауы маңызды. Тәртіп бәрімізге ортақ», – деді құқық қорғау органдарының өкілдері.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, түсіндіру жұмыстары бір реттік шара емес. Олар қала тұрғындарымен жиі кездесіп, құқықтық нормаларды таныстыруды алдағы уақытта да жалғастырмақ. Мақсат – әрбір азаматтың заңды білуі мен оны сақтауға деген жауапкершілігін арттыру.
Шара барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға полиция қызметкерлері нақты жауап беріп, жаңадан енгізілген заң нормаларының мәнін түсіндірумен қатар, азаматтардың қауіпсіз ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз ету жолдарын да түсіндірді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарды заңға бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді үлес қосуға шақырады. «Көршілер бақылауы» бағдарламасы мен заңнамалардағы өзгерістер – бейбіт өмір мен қауіпсіздікке бағытталған қадам. Тәртіп сақшылары заң бұзушылықтың алдын алу үшін халықпен бірлесе жұмыс жүргізуді басты міндет санайды.




