Қазіргі цифрландыру дәуірінде жаңа технологиялар мен жасанды интеллект адамзатқа үлкен мүмкіндіктер ашып берді. Алайда бұл жетістіктермен бірге жаңа қауіптер де туындап отыр. Әсіресе интернет алаяқтығы, жеке деректерді ұрлау, қаржылық шабуылдар жиілеп, киберқауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік құрылымдар мен қаржы секторына бағытталған кибершабуылдар көлемі артып келеді. Зиянкестер жасанды интеллектіні пайдаланып, шабуылдарын автоматтандырып, ауқымын кеңейтіп отыр. Мұндай жағдайда киберқауіпсіздікті күшейту – тек ІТ мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Осы өзекті мәселелер Шымкент қаласында жастардың басын қосқан “Shymkent Hub” орталығында өткен «Цифрлық қауіпсіздік және сауаттылық» атты форумда кеңінен талқыланды. Жиынға ІТ саласының мамандары, стартап жетекшілері, волонтерлер мен жас кәсіпкерлер қатысты. Форумның негізгі мақсаты – жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, киберқауіпсіздікті сақтаудың жолдарын үйрету және жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру болды.
– Қазір әрбір азамат банк картасын қолданады, онлайн сауда жасайды, түрлі қосымшаларға жеке мәліметтерін енгізеді. Қауіпсіздік ережелерін сақтамау үлкен шығынға алып келуі мүмкін. Қазіргі кезде адамдар тіпті чат-боттарға немесе жасанды интеллект кеңістігіне жеке мәліметтерін, мекемеге қатысты құжаттарын жіберіп жатады. Бұл – аса қауіпті әрекет. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру – бүкіл халықтың міндеті. Ал жастар осы істің көшбасшысы болуы керек, – дейді хабтың резиденті Самал Райымжан.
Форум барысында шымкенттік жас мамандар жаңа заман қатерлеріне қарсы тұру үшін нақты ұсыныстар айтты. Олар әлеуметтік желілерде қауіпсіздік параметрлерін дұрыс орнату, көпфакторлы аутентификацияны қолдану, бейтаныс сілтемелерді ашпау, күдікті хабарламаларға сенбеу секілді қарапайым, бірақ аса маңызды қағидаларды жастарға кеңінен түсіндірді.
Жиын соңында қатысушыларға киберқауіпсіздікті күшейтуге арналған арнайы нұсқаулықтар таратылып, тәжірибелік тапсырмалар берілді. Жастар өз ойларымен бөлісіп, өздері кездескен қауіп-қатерлер туралы айтты. Бұл пікір алмасу тәжірибесі жастарға бір-бірінен үйренуге, заманауи тәуекелдерге дайын болуға мүмкіндік берді.
Шымкенттік жастардың бастамашылдықпен қатысуы бұл бағыттың болашағы зор екенін көрсетті. Өйткені бүгінгі жастар – ертеңгі мамандар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер. Олардың цифрлық қауіпсіздікті меңгеруі елдің тұрақтылығы мен қоғамның сенімділігі үшін шешуші рөл атқарады.
Қорытындылай келгенде, цифрлық қауіпсіздік – заман талабы ғана емес, шымкенттік жастардың да басты назарында болуы тиіс құндылық. Білімді, технологияны дұрыс қолдана білетін, деректерін қорғай алатын жастар ғана жаһандық бәсекеге қабілетті болады.




