Еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығы – ең қымбат құндылықтардың бірі. Бұл құндылықты қорғап, ел шекарасын күзетіп, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін – әскери сала мамандары. Сондықтан әскери кадрларды даярлау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Шымкент қаласындағы генерал Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж – осындай жауапты міндетті арқалап отырған бірегей оқу орны.
Биыл бұл беделді оқу орнына түсуге 400-ден астам талапкер ниет білдірді. Солардың ішінен іріктеліп, 168 жас қабылданды. Бұл конкурсқа қатысқандардың үштен бірі ғана студент атанғанын көрсетеді. Яғни, колледжге қабылдану – әрбір жас үшін зор жетістік, ал мұнда оқу – үлкен мәртебе.
Жаңа оқу жылы қарсаңында колледж басшылығы ата-аналармен арнайы кездесу өткізіп, оқу процесі мен ішкі тәртіп жайында толық ақпарат берді. Әскери тәртіп пен талаптар, оқу бағдарламасының мазмұны, болашақ түлектердің қызмет ету мүмкіндіктері жайлы жан-жақты түсіндірілді. Кездесу барысында ата-аналар оқу корпустарын, казармаларды, спорт залдарын, заманауи оқу жабдықтарымен қамтылған сынып бөлмелерін аралап, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Әскери колледж бастығы Мақсат Ахшалов шараның маңызын атап өтіп:
«Біздің басты мақсатымыз – елін сүйетін, нағыз патриот жастарды тәрбиелеу. Бүгін ата-аналарға оқу барысын, әскери атақ алу тәртібін, түлектеріміздің болашақта қызмет атқару мүмкіндіктерін таныстырдық. Бұл – ата-аналар сенімін арттыру үшін жасалған қадам», – деді.
Жаңадан қабылданған 168 курсантқа әскери киім үлгілері, күнделікті пайдалануға қажетті жабдықтар беріліп, қатаң тәртіп пен жауапкершілікке баулудың алғашқы кезеңдері басталды. Болашақ сарбаздар үшін алғашқы күндер – үлкен сын, бірақ нағыз шыңдалу мектебі.
Осы кездесуге Қызылорда облысынан арнайы келген ата-ана Ғалымжан Үтегенов ұлының арманын орындап, беделді оқу орнының студенті атанғанына ризашылығын білдірді:
«Ұлым 9-сыныптан кейін осы колледжге түсуге өзі шешім қабылдады. Бүгін оқу ордасын өз көзіммен көріп, жағдайымен таныстым. Шынымен де студенттердің сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. Ұлымның болашағы үшін алаңсызбын», – деді ол.
Кездесу соңында ата-аналар колледждің аумағын аралап, оқу-тәрбие процесінің қалай ұйымдастырылғанын көздерімен көрді. Мұнда сапалы білім берумен қатар спортпен айналысуға, әскери дайындықтан өтуге, ең бастысы – патриоттық рухты қалыптастыруға ерекше мән берілетініне көз жеткізді.
Әскери колледждегі білім беру бағдарламасы жас ұландарды тек кәсіби тұрғыда даярлап қана қоймай, оларды елін сүйетін, Отан үшін аянбай қызмет етуге дайын патриот азамат етіп қалыптастыруға бағытталған. Бұл – болашақ ел қорғандарының мектебі.




