30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Бұл – еліміздің тәуелсіздігін, мемлекеттік тұтастығын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындаған ең маңызды күндердің бірі. Конституция – мемлекеттілігіміздің берік іргетасы, халқымыздың ортақ құндылығы. Осы атаулы датаға орай Шымкент қаласында жастарға арналған тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды.
Жастар ресурстық орталығының бастамасымен өткен кездесуге заңгер, тәжірибелі маман Айжан Кесебаева арнайы шақырылды. Басқосу «Ата заңым – айбыным» тақырыбында өрбіді. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілікке баулу және заңгер мамандығының қоғамдағы рөлін көрсету болды.
Шара барысында заңгер жастарға Конституцияның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіріп, әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін айқындап берді. Конституция тек заңдар жинағы ғана емес, ол – қоғамның даму бағытын көрсететін бағдаршам, мемлекет пен халық арасындағы өзара сенім кепілі екендігі ерекше атап өтілді.
Кездесу сұрақ-жауап түрінде өрбігендіктен, жастар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Тақырыптардың ішінде еңбек құқықтары, жастардың білім алудағы мүмкіндіктері, әлеуметтік жеңілдіктер, болашақ мамандардың кәсіби құқықтары мен міндеттері секілді мәселелер қамтылды. Айжан Кесебаева әрбір сұраққа жан-жақты жауап беріп, нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Кездесудің тәрбиелік мәні де зор болды. Жастар тек заңдарды жаттап қана қоймай, олардың өмірде қалай қолданылатынын, әрбір баптың артында азаматтың тағдыры, құқықтық қауіпсіздігі жатқанын ұғынды. Бұл өз кезегінде жастардың бойында заңға деген құрметті арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, іс-шара барысында заңгер мамандығы жайлы да кеңінен сөз қозғалды. Айжан Кесебаева заңгер болудың жауапкершілігі, бұл мамандықтың қоғамдағы беделі мен маңызы туралы әңгімелеп берді. Жастардың арасында құқық саласына қызығушылық танытқан студенттер де болып, олар өз ойларын ортаға салды.
Конституция күніне арналған мұндай іс-шаралар жастарға үлкен серпін береді. Себебі болашақ иелерінің заңды білуі – олардың ел алдындағы жауапкершілігін арттырады. Құқықтық сауаттылық – әрбір азаматтың өмірінде қажет болатын басты құндылықтардың бірі. Оны ерте жастан меңгеру – жас ұрпақтың өз болашағын нық қадаммен құруына септігін тигізеді.
«Ата заңым – айбыным» атты бұл кездесу жастар үшін білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық сана-сезімді қалыптастырды. Конституция күнін осылайша тағылымды кездесулермен атап өту – жас буынның ел заңдарына құрметін арттырудың ең тиімді жолдарының бірі екендігі анық.




