Абай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері аудан аумағында атқарылған жұмыстар тұрғындардың көңілінен шығып, жергілікті қауымдастықтың қолдауына ие болып отыр.
Аталған бағдарлама шеңберінде Абай ауданына 1,9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, бұл қаржы тұрғындар тарапынан ұсынылған жобаларды іске асыруға бағытталды. Бүгінгі таңда осы қаражат есебінен 16 жаңа ойын алаңшасы, 3 спорт алаңшасы мен 5 гүлзар салынды. Сонымен қатар, тұрғындар жиі жүретін аумақтарда 34 мың шаршы метрге жуық аяқжол төселіп, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалды.
— Бұл жобаның ерекшелігі — тұрғындардың тікелей қатысуымен жүзеге асуы. Әрбір жоба жергілікті тұрғындардың ұсынысы бойынша іріктеліп, нақты қажеттілікке сай іске асырылып жатыр, — дейді аудан әкімдігі өкілдері.
Экологиялық жағдайды жақсарту және қала келбетін көркейту мақсатында көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта аудан аумағында 5 жаңа гүлзар бой көтеріп, олардың бірқатары тұрғындардың игілігіне берілді. Бұған қоса, «Асар» шағын ауданында бұрын салынған, бірақ тозығы жеткен 4 гүлзар қайта жаңғыртылып жатыр.
Жаңартылған гүлзарлар тек сәндік мәнге ие емес, олар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен қарттардың демалуына, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Жыл басынан бері Абай ауданында 37 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам тұрғын атсалысты. Бұл — аудан тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді.
Сенбіліктер барысында аула іштері, қоғамдық орындар, демалыс аймақтары мен жасыл белдеулер тазартылып, ағаштар отырғызылды. Қоғамдық белсенділік пен тұрғындардың өз қаласына деген жанашыр көзқарасы экологияны жақсартуда шешуші рөл атқаруда.
Абай ауданында балалардың қауіпсіздігі мен дене шынықтыруына қолайлы жағдай жасау мақсатында 63 ескі ойын алаңшасының 45-і жаңартылып, заманауи стандарттарға сай қайта жабдықталды. Қалған алаңшаларды жаңарту жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
— Бала — болашағымыз. Сондықтан олар үшін қауіпсіз, жайлы әрі заманауи ойын алаңдарын көбейту — біздің басты міндетіміз, — дейді жауапты мекеме өкілдері.
«Халық қатысатын бюджет» жобасының табысты жүзеге асуы — бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың белсенділігі мен ұсыныстарына тікелей байланысты. Аудан тұрғындары өз аумақтарының көркейіп, өмір сүруге қолайлы болуына шынайы мүдделілік танытып келеді.
Бұқара мен билік арасындағы тиімді диалогтың арқасында Абай ауданында бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өз қаласына, өз ауласына деген жанашырлығын арттырып, қоғамдық бірлік пен жауапкершілікті күшейтуде.
«Халық қатысатын бюджет» — тұрғындардың өз ұсыныстары арқылы жергілікті бюджет қаражатының белгілі бір бөлігін қандай жобаларға жұмсау керектігін таңдауға мүмкіндік беретін ашық әрі тиімді механизм. Бұл жоба халықтың жергілікті басқаруға қатысуын арттырып, қоғамдық бақылау мен жауапкершілік деңгейін көтеруге бағытталған.




