2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласы еліміздің өнеркәсіптік дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Бұл кезеңде қала кәсіпорындары 812,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткішті 15,8%-ға арттырды. Бұл – республика бойынша орташа деңгейден жоғары нәтиже. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі айқын басымдыққа ие болып, 724,2 млрд теңгені немесе 89%-ды құрады.
Мұндай оң серпіннің нәтижесінде Шымкент өңірлер арасында үшінші орынға көтерілді. Бұл – мақсатты мемлекеттік қолдаулар мен инфрақұрылымды жүйелі дамытудың жемісі.
Шымкент өнеркәсібінің ішкі құрылымына көз жүгіртсек, химия өнеркәсібі 2,5 есеге, машина жасау саласы 2 есеге, ал сусын өндіру көлемі 81,2%-ға өскені байқалады. Бұл көрсеткіштер қаланың өндірістік әлеуеті тек көлемдік жағынан емес, технологиялық күрделілігі мен қосылған құн бойынша да артып келе жатқанын айғақтайды.
Қаланың экономикалық табыстарының негізгі тіректерінің бірі – индустриялық аймақтар. Бүгінде Шымкентте жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын жеті индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 685,9 млрд теңгенің 446 жобасы жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
«Оңтүстік», «Тассай», «Жұлдыз», «Бозарық» сияқты индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы:
-
«QazAlPack» компаниясы алюминий қаптамасын өндіру зауытын іске қосып, 30 млрд теңге инвестиция тартып, 112 адамды жұмыспен қамтыды;
-
«ZeineP» компаниясы медициналық бұйымдар өндірісін жолға қойып, 80 жұмыс орнын ашты.
2025 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында қала экономикасына 425,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 314,9 млрд теңгесі – жеке сектор инвестициясы. Бұл – кәсіпкерлер мен инвесторлардың Шымкентке деген сенімінің артып келе жатқанының көрінісі.
Шымкенттің даму жоспары алдағы жылдарға да ауқымды. 2025–2030 жылдар аралығында құны 4,9 трлн теңгені құрайтын 211 ірі жоба іске асырылып, 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Тек биылдың өзінде:
-
22 жоба іске асырылып,
-
65,7 млрд теңге инвестиция тартылып,
-
1 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Жаңа кәсіпорындар:
-
газобетон,
-
құрылыс материалдары,
-
қағаз өнімдері,
-
ылғалды майлықтар өндірісімен айналысады.
Шымкент алдағы уақытта металлургия, мұнай-химия, тамақ және құрылыс индустриясы сынды ірі секторларда да тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл өндірістер инновацияға негізделген, экспортқа бағытталған, жоғары білікті кадрлар мен заманауи технологияларды қажет ететін ауқымды жобалар болмақ.
Бүгінде Шымкент – тек Оңтүстік өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның индустриялық және инвестициялық орталығына айналып келеді. Жаңа зауыттар, өндіріс орындары, жұмыс орындары мен заманауи инфрақұрылым – барлығы қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және ел экономикасының тұрақты дамуына қызмет етуде.
Жоспарлы түрде жүзеге асқан жобалар мен инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент өз әлеуетін толық көрсетіп, ел экономикасының өсім нүктесіне айналатыны сөзсіз.




