«Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау — ұлттық идеологияның өзегі болуы тиіс. Былтырдан бері жүзеге асып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына миллиондаған азаматымыз үлес қосты. Соның нәтижесінде 860 мың гектардан астам жер тазартылып, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Бұл — барша халықтың бірлігінің және жасампаздыққа деген ұмтылысының айқын дәлелі», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай игі істердің жас ұрпаққа өнеге болатынын айтып, атсалысқан азаматтарға, әсіресе жастарға ризашылығын білдірді. Шынында да, табиғатты қорғау – әрбір азаматтың борышы. Табиғатқа деген құрмет – болашаққа жасалған ең үлкен инвестиция. Бастысы, әрқайсымыз өз үлесімізді қосуды әдетке айналдырсақ жеткілікті.
Биылғы жылдың өзінде еліміз бойынша 30-ға жуық экологиялық акция өткізілді. Бұл шараларға жастар белсенді түрде қатысып, өз еріктерімен табиғатты қорғауға үлес қосуда. Акциялар аясында қала мен ауыл көшелері тазартылып, ағаштар отырғызылды, өзен-көлдердің жағалауы қоқыстан аршылды.
Жастардың белсенділігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Әсіресе волонтерлік ұйымдар мен студенттік қозғалыстар табиғатты қорғау бағытындағы жұмысты жүйелі жүргізіп келеді. Олар тек сенбіліктерге қатысып қана қоймай, экологиялық мәдениетті насихаттап, әлеуметтік желілерде арнайы ақпараттық кампаниялар ұйымдастыруда.
«Таза Қазақстан» акциялары тек қоқыс жинау шараларымен шектелмейді. Оның аясында қалдықтарды қайта өңдеу, пластиктен бас тарту, ағаш отырғызу, экобақтар құру сияқты ұзақ мерзімді жобалар іске асырылуда. Бұл бастамалардың барлығы – жас ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттырып, болашаққа жасалған қадам.
Мемлекет тарапынан да экологиялық саясатты жетілдіруге баса мән берілуде. Президенттің Жолдауында айтылғандай, жасыл экономикаға көшу, экологиялық нормаларды күшейту және «таза энергия» көздерін дамыту – Қазақстанның стратегиялық бағыты болып табылады.
Бекзат Төлебай,
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы