Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде «Заң мен тәртіп – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың негізі» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Іс-шараны Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары әрі қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан ашып, жүргізді.
Жиынға қалалық прокуратура, әділет департаменті, полиция департаменті, қалалық сайлау комиссиясы өкілдері, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен белсенді азаматтар қатысты.
Кездесу барысында қоғамдағы заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы елдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың бейбіт өмір сүруінің басты кепілі екені ерекше атап өтілді. Құқықтық мәдениетті арттыру, этносаралық келісімді нығайту арқылы қоғамдық тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеттерінің бірі екені жан-жақты түсіндірілді.
Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұрлан Базарбаев экстремизм мен терроризмге қарсы заңнаманың дұрыс орындалуын қадағалау мәселелеріне тоқталып, құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмысының маңыздылығын жеткізді. Сонымен бірге, қалалық әділет департаментінің басшысының орынбасары Розалия Досанова құқықтық тәртіпті сақтау және азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігі жайлы өзекті мәселелерді сөз етті.
Полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Бағлан Мырзабаев қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету механизмдері туралы жан-жақты баяндама жасады. Ал Абай аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Талғат Алиев елдегі сайлау жүйесін жетілдіру және сайлау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталып, азаматтардың сайлауға қатысуын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Пікір алмасу барысында қатысушылар құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара түсіністікті арттыру, заң нормаларын ұстану және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының маңыздылығы, қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылықты нығайтудағы әр азаматтың жауапкершілігі кеңінен талқыланды.
Жиынды қорытындылаған Юрий Пан талқыланған мәселелердің қоғам назарында болуын, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық белсенділердің ел бірлігі мен қоғамдық татулықты сақтау жолындағы аянбай еңбектеріне алғысын білдіріп, табыс тіледі.