Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі» тақырыбында маңызды кездесу ұйымдастырылды. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Бұл кездесу еліміздің Бас прокуратурасының тапсырмасымен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілді. Іс-шара барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң бұзушылықтардың салдары мен олардың алдын алу жолдары жан-жақты талқыланды.
Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдабаевтың айтуынша, соңғы уақытта жастар арасындағы қылмыс 4,2 пайызға артқан. Әсіресе, синтетикалық есірткі саудасы мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық жағдайларының көбейгені назарға алынды. Ол мұндай қылмыстарға ауыр жазалар қарастырылғанын ескертті.
Қалалық құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу үшін 71 мобильді топ құрып, 469 рейдтік іс-шара өткізген. Соның нәтижесінде түнгі уақытта тәртіпсіз жүрген 4800-ден астам жасөспірім анықталды.
Кездесуге арнайы шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Біржан Жақыпұлы жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ол өзінің мысалдары арқылы жастарды дұрыс жолға бағыттау қажеттігін ерекше атап өтті.
Қайсар Қалдабаев «Жастардың құқықтық мәдениетін арттыру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, жастардың қоғамдағы маңызды әлеуметтік-демографиялық топ екенін атап өтті. Ол жастар – қоғамның болашағын қалыптастыратын негізгі күш екенін, сол себепті олардың құқықтық мәдениеті жоғары болуы тиіс екенін баса айтты.
Жастардың құқықтық мәдениеті тек заңдарды білу емес, сонымен қатар құқықтық сана қалыптастыру, заңдылық пен тәртіпті құрметтеу, құқықтық қатынастарды түсіну, заң шығарумен және құқық қолданумен байланысты барлық қызмет түрлерін қамтиды.
Іс-шара соңында қатысушылар жастар арасында құқықтық тәрбие мен сауаттылықты арттыру бағытындағы мақсатты жұмыстар құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және азаматтық құқықтық сана қалыптастыруға үлкен септігін тигізетінін атап өтті. Айта кетсек, мұндай шаралар шаөарда жалғасын табады.




