Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медиация институтын дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтіп, бұл жүйе азаматтардың құқықтарын тиімді қорғаудың, қоғамда бейбітшілік пен татулықты нығайтудың маңызды құралына айналуы керектігін айтқан болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде медиация қызметінің ауқымы кеңейіп, түрлі әлеуметтік дауларды сотқа жеткізбей-ақ шешудің тиімді жолы ретінде кеңінен қолданылып келеді.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде 5 тамыз – Медиация күніне орай Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараны қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кеңесі өткізді.
Медиация — дау-дамайдың бейбіт жолмен шешілуі
Аталған шара аясында кәсіби медиаторлар тұрғындарға медиацияның құқықтық және психологиялық тиімділігін жан-жақты түсіндіріп, тегін кеңестер берді. Қала тұрғындары түрлі әлеуметтік, отбасылық және азаматтық сипаттағы дау-дамайларды медиация арқылы қалай реттеуге болатыны туралы нақты ақпарат алды.
Шымкент қалалық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы, «Еуразиялық медиация орталығының» жетекшісі Лаура Ақшегірованың айтуынша, кеңес жұмысы тек кеңес берумен шектелмейді.
– Біз азаматтарға медиативтік келісімге келудің тәртібі мен құқықтық негіздерін түсіндіріп қана қоймай, нақты даулы жағдайларды шешуге де көмек көрсетеміз. Медиация – тек заң тілімен сөйлейтін құрал емес, бұл – сенім мен өзара түсіністікке негізделген бейбітшілік тетігі, – дейді ол.
Этномедиация – қоғамдық келісім кепілі
Бүгінде Шымкент қаласында төрт медиация орталығы жұмыс істейді. Олардың кәсіби мамандары қалалық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің құрамында белсенді қызмет етуде. Кеңес мүшелері әсіресе этнос өкілдері тығыз орналасқан аумақтарда этномедиация бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қатынкөпір, Текесу шағынаудандары мен Сайрам тұрғын алабында өткізілген қоғамдық қабылдаулар барысында тұрғындардың өтініштері тыңдалып, тараптарды татуластыру бойынша бірқатар медиациялық келісімдерге қол жеткізілген.
Медиацияның қолдану аясы кең
Медиация қазіргі таңда:
Азаматтық құқықтық қатынастарда;
Отбасылық дауларда;
Жұмысқа, еңбекке қатысты жанжалдарда;
Қылмыстық істердің (ауырлығы шағын және орташа) кейбір түрлерінде кеңінен қолданылып келеді.
Бұл тәсілдің басты артықшылығы — уақыт пен қаражатты үнемдеу, сот жүйесіне түсетін жүктемені азайту және ең бастысы — екі тараптың да келісімге келуін қамтамасыз ету.
Халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы үрдіс
Әлемдік статистикаға сүйенсек, даулардың 30-40%-ы медиация арқылы шешіледі. Бұл істердің 85%-ында тараптар қанағаттанарлық нәтижеге қол жеткізеді. Қазақстанда «Медиация туралы» заң 2011 жылғы 5 тамызда күшіне енген. Содан бері елімізде бұл жүйе біртіндеп дамып, тиімділігін дәлелдеуде.
Шымкенттегі медиация кеңесінің бұл бастамасы — қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Медиация арқылы дау шешу — тек бір даудың шешімі ғана емес, ол — қоғамдағы татулықтың, өзара түсіністіктің, сенім мен келісімнің көрінісі.




