Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Қала аумағында 20-ға жуық аквасаябақтар мен бассейіндер шомылу маусымында жұмыс атқаруда.
Жазатайым оқиғаларды азайту, сондай-ақ, шомылу маусымын қауіпсіз өткізу бағытында Департамент жергілікті атқарушы органдарымен, волонтерлармен бірлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын өткізуді жалғастырады.
Шаһарда 1 маусымда жазғы шомылу маусымы басталған еді. Осыған орай қала аумағында қауіпсіздікті күшейту, тұрғындарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу жұмыстары қыза түскен. Аудан әкімдігінің қызметкерлері, аудандық ТЖБ мамандары аудан аумағындағы су айдындарында арнайы қауіпсіздікті сақтау іс-шарасын өткізіп жатыр.
Маусым айының басында Еңбекші ауданы ТЖБ инженері Д.Искаков Бадам, Тоғыс суқоймасы, Тоғыс өзенінде демалыс орны иелеріне, тұрғындарға жаднама таратып, қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Мас халде суға түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау керектігін айтты. Сондай-ақ, тиым салынған аумақтарға ескертпе тақтайшаларын орнатуға нұсқама берді.
Айта кетсек, шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар қыркүйек айының соңына дейін жалғасын табады.
62 үйдің терезесіне 103 блокатор орнатылған
Қазіргі таңда балалардың ашық терезеден құлап кету жағдайлары өзекті мәселенің бірі. Балалардың терезеден құлауының негізгі себептері – балаларды қараусыз қалдыру, терезеде қарапайым қауіпсіздік құралдарының жоқтығы және тағы басқалар.
Брифингте Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ирисмат Махмудов терезеден құлаудың алдын-алу бағытындағы жұмыстардан хабардар етті. Оның айтуынша, бүгінде Шымкент қаласы аумағында балалардың абайсыздан көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен құлау бойынша 3 жағдай (қайтыс болғандар-2, жарақаттанған-1) тіркелген. Негізінен, 7 жасқа дейінгі балалар арасында құлау қаупі жоғары. Өткен жылы шаһарда балалардың терезеден құлап кету 5 жағдайы тіркелген болатын.
Ирисмат Бақтиярұлы балалардың қауіпсіздігі ата-аналардың тікелей міндеті екенін айтып, бұл жағдайға немқұрайды қарамауға шақырды.
Заңнамада баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың тікелей міндетіне жатады. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 127-бабына сәйкес, бұл міндеттерді орындамау әкімшілік жазаға әкеп соғады. Департамент өкілі жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін тұрғындарға терезелерге шектеулер (бекіткіштер) сатып алуды және орнатуды ұсынады.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл басынан бері 62 үйдің терезелеріне 103 блокатор орнатылған.




