Мемлекет басшысы жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. Біз бұған 2024 жылы да анық көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз. Дегенмен төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр» деген болатын. Бұл – еліміздің азаматтық қорғаныс жүйесіне, төтенше жағдайлар органдарының жұмысына берілген лайықты баға.
Қазір төтенше жағдайлардың саны мен ауқымы ұлғайып келеді. Осыған байланысты мемлекет азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайдың салдарын жоюдан бұрын, оның алдын алуға бағдарлау үшін жүйелі реформалар жүргізіп жатыр. Мұндағы ең маңызды бағыттар ретінде құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру және цифрландыру ісін нығайту, сондай-ақ, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кадрлық әлеуетін арттыру, оларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейтуге арналған жұмысты айтуға болады. Халықты апаттардан алдын ала қорғауға қажетті жағдай жасау мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге айрықша мән беріліп отырғанын да айта кеткен жөн.
Осы орайда Шымкент қаласында да төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, шаһарда судағы қайғылы жағдайлардың туындауына жол бермеу үшін алдын алу шаралары сәуір айынан бастап белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта қала аумағында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау бойынша жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Департамент тарапынан 50 бала суда жүзуді тегін үйреніпті. «Жазғы демалыс кезеңіндегі балалар қауіпсіздігі: судағы қауіпсіздік және терезеден құлаудың алдын алу» тақырыбында өткен баспасөз брифингінде Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан атқарылған жұмыстар сараланды.
2025 жылы Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы шомылу маусымын тиісті деңгейде өткізу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлерімен рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде атқарылуда. Су айдындарында шомылуға тыйым салынған орындарда қараусыз жүрген балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту, су айдындарының қауіпті аймақтарында қауіпсіздік белгілерін орнату, балаларды жүзуге үйрету жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Төтенше жағдайлар департаменті, азаматтық қорғау басқармасының аға офицері, капитан Әли Темірбектің мәлімдеуінше, сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 158 рейд жүргізіліп, 15180 адам қамтылған. Бұл жұмыстар демалыс және мереке күндері күшейтілген режимде атқарылады. Нәтижесінде, 412-бап бойынша 4 адамға 55 048 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бүгінгі таңда республика бойынша су айдындарында 40-қа жуық адам суға батты, оның ішінде жасөспірім балаларда бар. Ал Шымкент қаласы аумағында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау бойынша жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Департамент өкілі үгіт-насихат жұмыстарын күшейту, рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде қайғылы жағдай орын алмағанын айтады. Бұл – аудан әкімдіктері, Полиция департаментімен бірлескен жұмыстардың нәтижесі.
Ақпараттандыру жұмыстары бойынша «Судағы қауіпсіздік ережелері» туралы бейнероликтер бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, кинотеатрларда, автобустарда, сондай-ақ, адамдар көп жиналатын орындарда (Теміржол вокзалы, әуежай және Сауда үйлері) LED экрандар арқылы көрсетілсе, азаматтардың мобильді телефондарына 112 қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жіберілуде.




