Шымкент қаласында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және абаттандыру қағидаларын сақтау мақсатында қала аумағында бірқатар рейдтік шаралар өткізілуде. Аталған жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері мен аудан әкімдіктерінің мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Рейд барысында құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қоқыстарды рұқсат етілмеген орындарға тастау фактілері анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Тәртіп бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 2-тармағы (ұсақ бұзақылық) және 505-бабы (қаланың абаттандыру қағидаларын бұзу) негізінде хаттамалар толтырылды. Қала әкімдігі мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл бастама қалалық ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық орындарда тазалық сақтау мәдениетін арттыруға бағытталған. Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындарды белгіленбеген орындарға қоқыс тастамауға, қалалық тәртіп пен ережелерді сақтауға шақырады. Қаланың тазалығы — барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін еске салады. Ескерту: Қалалық аумақты ластау немесе абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталған жағдайда, заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Шаһардағы өзекті проблеманың бірі – қоқыс полигоны мен сұрыптау мәселесі. Шымкентте бір ғана полигон бар, ол Ақтас шағын ауданында орналасқан. Өкінішке қарай, күл-қоқыс қолмен сұрыпталады. Арнайы техника жоқ. Экология департаменті әкімдікке хат жолдаған, қала билігі қазір мәселені қолға алған.
Ермахан Қозыбаев, Шымкент қаласы экология департаментінің басшысы
— Мәселе биыл шешілуі керек деп күтіп отырмыз. Қала қоқысқа көміліп қалады деген қауіп жоқ. Бірақ, полигон бекітілген мерзімінен бұрын толып кетуі мүмкін. Сондықтан, қазір жағдаят тікелей әкімдіктің бақылауында.
Шаһарда тұрғындар өздері жасап алған қоқыс алаңдары бар. Ақтас шағын ауданына жетпей, жиналған орындар көп дейді мамандар. Бірақ, бұл ең әуелі сол маңайдағы тұрғындардың да жауапкершілігі. Экологтар халықтан күл-қоқыс пен қалдықтарды тек арнайы полигонға жетуін қадағалап, жою жұмыстарын да сол маңда жасауды сұрайды.




