Тексеру кезінде кейбір тұрғындардың көшеге өздігінен құрылыс қалдықтарын төккені анықталды. Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында заңсыз құрылыс жұмыстарының алдын алу және жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер аумағында құрылыс материалдары мен инертті қалдықтардың заңсыз төгілуіне жол бермеу мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Аталған бағыттағы кезекті түсіндіру жұмыстары бүгін аудан әкімдігі мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметімен бірлесіп өткізілді.
Шара барысында Іляев және Писсарев көшелеріндегі тұрғындарға санитарлық талаптарды сақтау және рұқсатсыз қалдық төгудің заңға қайшы екені жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тексеру кезінде кейбір тұрғындардың көшеге өздігінен құрылыс қалдықтарын төккені анықталды. Құқық бұзушыларға заң талаптары түсіндіріліп, тиісті ескертулер берілді. Тұрғындар қалдықтарды жақын күндері өз күшімен тазалайтындарын айтып, заң талаптарын сақтауға дайын екендіктерін білдірді. Еңбекші ауданы әкімдігі мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын және тұрғындарды қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақыратынын ескертеді.
Мұндай жұмыс барлық аудан көлемінде өткізілуде. Қаратау ауданы әкімдігі мен жергілікті полиция қызметкерлері Шымкент қаласы тұрғындарының жеке жер учаскелерінің аумағындағы құм, тас, құрылыс және инертті қоқыс қалдықтарының үйінділерін болдырмау мақсатында арнайы рейдтік шара өткізді. Қаратау ауданына қарасты Нұртас шағын ауданы Ақсауыт-Байтереков көшелерінің қиылысында ұйымдастырылған кезекті рейдке аудан әкімдігінің мамандары, полиция қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тазалық сақтау тұрғысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қаратау ауданы әкімдігінің қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Әлібек Қалдыбек кейбір тұрғындардың құрылыс заттары есігінің алдынан асып, көшеге дейін шашылып жататынын, ескерту берілсе де, түзеуге әрекет жасағысы келмейтінін айтады. «Сол арқылы көршілері мен жүргіншілерге кедергі келтіріп жатады», — дейді ол.
Ең алдымен тазалықты сақтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында жеке тұрғын үйлердің көше бойына, қоғамдық орындарға құрылыс қалдықтары және әртүрлі артық заттарды шығаруды алдын алу, жалпы қалдық заттарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, хаттамалар толтырылды.Мұндай рейдтік іс-шаралар және санитарлық-тазалық жұмыстары аудан көлемінде тұрақты ұйымдастырылып отырады.




