ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабек жұмыс сапарымен Шымкент қаласындағы «Ізетті зейнеткер» мекемесінде болып, орталықта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған мекеме «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында құрылған.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов, Шымкент қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев, мәслихат депутаттары Талғат Исхахов, Нұрсұлтан Балабиев, «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының төрағасы Нұрғазы Бұхарбай, атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы, сондай-ақ Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева мен мекеме қызметкерлері қатысты.
2023 жылдың 1 қарашасынан бастап жұмысын бастаған «Ізетті зейнеткер» мекемесі — зейнет жасындағы азаматтарға қысқа мерзімде демалу және ем алу мүмкіндігін ұсынатын арнайы орталық. Алғашында 70 орынға есептелген бұл мекеме бүгінде тиісті басқарманың жолдамасымен бір мезетте 120 зейнеткерді қабылдай алады.
Мекеме ғимаратының жалпы аумағы — 3 699,9 шаршы метр. Демалушылар үшін таза ауада серуендеуге арналған аула, көгалдандырылған алаңдар, орындықтар, су бұрқақ және шағын саябақ қарастырылған. Бұл — қариялардың тынығуы мен психологиялық демалысы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Мекемеде демалушылар медициналық және әлеуметтік қызметпен толық қамтылған. Әр зейнеткер дәрігер қабылдауынан өтіп, денсаулығына қарай арнайы емдік шаралардан өтеді. Қызмет түрлері арасында:
• физиотерапия (электрофорез, УЗТ, УФО, магнитті терапия, дарсенваль, массаж);
• сумен емдеу (фито-бочка, инфрақызыл сауна, церкулярный душ, ванна);
• электромагнитті терапия, дәрілік шөп тұнбаларымен емдеу;
• салауатты өмір салтын ұстануға арналған таңғы емдік жаттығулар;
• арнайы тренажер залдары мен тұзды шахта;
• музыка терапиясы, үстел ойындары, шахмат, шашка және мәдени-сауықтыру шаралары ұйымдастырылады.
Мекеме басшылығының айтуынша, демалушыларға күніне 4 мезгіл ыстық әрі сапалы тағам ұсынылады. Сондай-ақ, әр топтың демалысы кезінде жергілікті өнер иелері, әншілер, ақын-жазушылардың қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Депутат Данабек Исабек мекеменің жұмысымен жан-жақты танысып, қызмет сапасына оң бағасын берді. Қариялармен кездесіп, хал-жағдайын сұраған халық қалаулысы бұл орталықтың «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген маңызды әлеуметтік жобалардың бірі екенін атап өтті.
– Бұл – халқымыздың, әсіресе қарттарымыздың салауатты ғұмыр кешуіне ықпал ететін маңызды бастама. Қарияларға жан-жақты жағдай жасалған мұндай орталықтар еліміздің басқа өңірлерінде де үлгі боларлық, – деді Данабек Исабек.
Өз кезегінде демалушылар орталықтың қызметіне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
– Мұнда барлық жағдай жасалған. Денсаулығына шипа іздеген біз сияқты қариялар үшін таптырмас орын. Осындай қамқорлық үшін барлық азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді орталықта демалып жатқан Раиса Қалмағамбетова.
Айта кетейік, «Ізетті зейнеткер» орталығына жолдама алу процесі толық цифрландырылған. Зейнеткерлер geo-shym.kz/ порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен тіркеліп, онлайн өтінім бере алады. Өтініш бергеннен кейін кезек ретін де электронды жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік бар.




