Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапарымен өңірде жүзеге асырылып жатқан ауыл шаруашылығының жаңа бағыты — балық шаруашылығымен танысты. Бүгінгі күні бұл бағыт аймақ экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда.
Аудан басшысы алдымен, Сарапхана ауыл округінде орналасқан жеке кәсіпкер Мықтыбек Менлібековтың 1 гектар жерді қамтитын балық өсіру шаруашылығында болды. Мұнда майшабақ, сазан, алабұға, бекіре, жайын, табан, жалпақ, тұқы, шортан және көксерке сияқты балық түрлері өсірілуде. Жобаның жалпы құны — 10 млн теңге. Қазіргі таңда мұнда 1 адам жұмыс істейді. Жылдық өндіріс қуаттылығы — 1 тонна.
Сапар аясында аудан әкімі Қарабау ауыл округіндегі 3 гектар аумақта орналасқан, жалпы құны 50 млн теңге болатын “Ақсылбат-Құс” ЖШС балық өсіру жобасының жұмысымен де танысты. Болашақта бұл шаруашылық қосымша 5 гектар аумақты игеру жоспарлап отыр. Кәсіпорын жылына 100 тоннаға дейін балық өсіруді көздейді.
Сонымен қатар Қызылқия ауыл округіндегі ең ірі жобалардың бірі — “KAZYQURT BALYQ”ЖШС-нің жұмыс барысымен де танысты. Жалпы құны 250 млн теңге болатын бұл жоба толық іске қосылғанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жылдық қуаттылығы — 1000 тонна балықты құрайды. Сондай-ақ, балық өнімдерін қайта өңдеу бағыты да қолға алынбақ. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, сазан балығының шабақтарын алу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесуде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау құралдары, жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар туралы кеңінен ақпарат беріп, “Жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді” — деді.




