19 маусым — Шымкент қаласының тарихындағы маңызды күндердің бірі. Дәл осы күні еліміздің үшінші мегаполисіне республикалық маңызы бар қала мәртебесі ресми түрде берілген болатын. Бұл – қала тұрғындары үшін ғана емес, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін де айтулы кезең.
Осы тарихи мерекеге орай Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен көркем гимнастикадан аудан әкімінің кубогі үшін дәстүрлі спорттық сайыс өткізілді. Жарыс топтық жаттығу және жеке бағдарлама бойынша өтті.
Аталмыш турнирге:
• Топтық жаттығу бағдарламасы бойынша – 5 команда құрамында 30 спортшы,
• Жеке бағдарлама бойынша – 9 жас ерекшелігі санатында барлығы 70 спортшы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.
Жарыс жас спортшылар үшін ғана емес, олардың жаттықтырушылары мен ата-аналары үшін де ерекше мерекелік көңіл күй мен спорттық рух сыйлады.
Аудан басшысы А.Абаев осы маңызды шараға арнайы қатысып, қала күнімен жас спортшыларды, олардың жаттықтырушылары мен ата-аналарын құттықтады. Сонымен қатар, жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларды марапаттау рәсіміне қатысып, арнайы кубоктар мен алғыс хаттар табыстады.
Қаратау ауданында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Алдағы уақытта да жасөспірімдер спортына, дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жүйелі жобалар жалғасын табатын болады.
Бұл – жастардың жан-жақты дамуына, табандылық пен тәртіпке тәрбиеленуіне, сондай-ақ қаламыздың спорттық әлеуетінің артуына қосылған сүбелі үлес.