Шымкент қаласында «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламаларының орындалуы бойынша қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға үшінші мегаполис кәсіпкерлері мен екінші деңгейлі банк басшылары қатысты.
Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайды. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада 530 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық.
Күн тәртібіне сәйкес, Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Береке Дүйсебеков баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа шарттар — кәсіпкерлер үшін несие мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендетуге, субсидиялауға жататын несие көлемін 7 млрд. теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берген. Сонымен бірге, бағдарламаның бірінші бағыты — кәсіпкерлерге (микро және шағын бизнес) сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін портфельдік субсидиялау және кредиттер мен микрокредиттер бойынша ішінара кепілдік беру түрінде қаржылық қолдау шараларын көрсету болып өзгертілген.
Шымкент қаласының әкімі атқарылған жұмыстарға баға беріп, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
– Қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуының драйвері ретінде шағын және орта бизнес үлкен септігін тигізуде. Қала бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың негізгі жолы – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуды, салық түсімдерін ұлғайтуды және қоғамдық, саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылдықта Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өңірлік өнімдегі үлесін 50%-ға жеткізуіміз керек. Сол себепті, кәсіпкерліктің кез келген өзекті проблемалық мәселелерін шешу және оның алдын алу тікелей өзімнің бақылауымда болады. Барлық дамыған мемлекеттер сияқты шағын және орта бизнесті қала экономикасының локомотивіне айналдыруымыз қажет, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысының мәлімдеуінше, жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қомақты қаржы бөлініп келеді. Бұл ретте, биыл «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша пайыздық мөлшерді субсидиялау мен кепілдендіруге 5,7 млрд теңге бөлінген, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық бөлініп отыр. Жалпы, кәсіпкерлікті дамыту бағытында алдағы уақытта да кешенді жұмыстар жүргізіле беретін болады.
Сондай-ақ өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 29,1 млрд.теңгеге 30 жобаға қолдау көрсетілді. 2019 жылмен салыстырғанда жобалардың өсу серпіні 3 еседен асады. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 396,0 млн. теңгеге 418 жобаға қолдау көрсету жоспарлануда. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 576,0 млн. теңгеге 100 жаңа жобаға қолдау көрсету көзделіп отыр.
Мәжілісте Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев мемлекеттік қолдау шаралары туралы кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Кездесу соңында Мұрат Әйтенов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан бірқатар банк басшылары мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы филиалының төрағасын марапаттады.