«El umiti» Корпоративтік қоры Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 514 бұйрығына сәйкес алтыншы жыл қатарынан ауыл мектептерінің 6-сынып оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасын өткізіп келеді.
2025 жылғы 25 ақпанда «El Umiti» бастамасы аясында аталмыш олимпиаданың басталуына орай Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылындағы №93 Абылайхан атындағы жалпы білім беретін мекемеде қызметкерлермен маңызды кездесу өтті.
Іс-шараға өңірдегі 150-ден астам мектеп директорлары мен оқу ісі меңгерушілері қатысты. Кездесу барысында «Мың бала» жобасының ауылдық жерлердегі дарынды балаларды қолдау жүйесіндегі рөлі, білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі, сондай-ақ балалардың болашағын қалыптастырудағы маңыздылығы талқыланды.
«Мың бала» – тек олимпиада ғана емес, ауылдық жерлердегі қабілетті балалардың әлеуетін ашуға арналған ауқымды әлеуметтік жоба. Бұл бастама ауыл мектептерінің оқушыларына өз білімдерін дәлелдеп, үздік білім ордаларына түсуге мүмкіндік береді. Олимпиада жеңімпаздары еліміздегі жетекші мектептерде оқуға жолдама алады, ал жобаға қатысқан әрбір бала өзін дамытуға жаңа серпін алады. «Мың бала» білім берудегі тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп, ауыл балаларының да сапалы білім алуына жағдай жасайды.
Бес жыл ішінде олимпиадаға ауыл мектептерінде оқитын 754 мыңнан астам 6-сынып оқушысы қатысты. Олардың арасынан 5000-ы олимпиада жеңімпазы атанды, 1800-ге жуық оқушы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды. Биыл алғашқы жеңімпаздар мектепті аяқтайды. 6 жыл бұрын жеңімпаз атанған 121 бала бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен. «Мың бала» олимпиадасына қатысу тегін. Биылғы «Мың бала» олимпиадасына тіркелу 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында өтеді.
Олимпиада екі кезеңнен тұрады. I-кезең онлайн форматта өтеді. 1 сәуір мен 10 сәуір аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында тестілеуден өту қажет. Тестілеу екі бөлімнен тұрады: логикалық ойлау, кеңістіктік ойлау. Тест 40 сұрақты қамтиды және шамамен 90 минутты алады. Тестілеуден камерасы бар ноутбук арқылы немесе интернетке қосылған веб-камерасы бар компьютерден тапсыруға болады.
Олимпиаданың екінші кезеңі 28-30 сәуір аралығында өтеді. Бұл кезеңде қатысушылар мынадай пәндер бойынша академиялық білімдерін бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді: математикалық сауаттылық, қазақ тілінде оқытатын оқушылар үшін қазақ тілі, орыс тілінде оқытатын оқушылар үшін орыс тілі, ағылшын тілі, жаратылыстану. Тест 100 сұрақтан тұрады және 150 минутқа созылады.
Олимпиадаға дайындалу үшін https://ro.elumiti.kz/ сайтында өткен жылдардағы тест тапсырмаларына дайындалуға мүмкіндік беретін дайындық тесттері жұмыс істейді. Апелляциялық шағым қарастырылмаған. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар Дарын, БИЛ және РФММ сияқты мамандандырылған мектептерде оқуға түсу мүмкіндігіне ие болады.
Дарынды оқушыларды бірге қолдайық!
Қосымша ақпарат бойынша мына байланыс номеріне қоңырау шала аласыздар:+7 705 731 9192 – Мадина.