«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Іс-шара барысында партияның қалалық филиалының жаңа төрағасы лауазымына ашық дауыс беру арқылы Мұрат Жолдыхожаев сайланды. Іс-шараға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Баян Жандосова, Қазақстан республикасының Еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» Орденінің иегері Жеңісбек Тұрғанов, партияның қалалық филиалының мүшелері, аумақтық филиалдардың атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдардың жетекшілері мен белсенділері, мәслихаттардағы фракция жетекшілері және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
«Мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен бірлігін нығайту – партиямыздың басты мақсаты. «AMANAT» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде Президент реформаларын тиімді жүзеге асыру үшін азаматтарды ортақ іс төңірегінде топтастыру жұмысын жалғастыруға тиіс. Сондай-ақ бұған дейін берген уәделердің орындалуын қадағалау барысын күшейту және партиялық жобаларды жүзеге асыру жұмысын жандандыру қажет», – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.
Ол бүгінде қалалық филиалдың алдында бірқатар маңызды міндет тұрғанын жеткізді. Олардың қатарында партияның аумақтық филиалдарының жұмысын жандандыру, өңірлік сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру, азаматтармен кері байланысты күшейту, мәслихат депутаттары жүргізіп жатқан жұмыстың тиімділігін арттыру және тағы басқалар бар.
Отырыс барысында филиалдың бұрынғы төрағасы Бахадыр Нарымбетов өңірлік сайлауалды бағдарлама аясында атқарылған жұмыс туралы баяндады. Оның айтуынша, былтыр жоспарланған іс-шаралардың 95%-ы орындалды. 11 жаңа мектеп, 4 мәдениет үйі, сондай-ақ бірқатар медициналық мекемелер, тұрғын үйлер мен кәсіпорындар пайдалануға берілді. Бұл қадам қала тұрғындарының тұрмысын жақсартуға тікелей әсер етті. Жастарды, әлеуметтік жағдайы осал топтарды қолдауға және шағын бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
«Есепті кезеңде 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 2127 азамат баспанамен қамтылды, 30284 адамға жұмысқа орналасу кезінде көмек көрсетілді, ал 6815 зейнеткер сауықтыру орталықтары мен санаторийлерге жолдама алды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 17,7 млрд теңге қаражат бөлініп, бұл қадам 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді», – деді ол.
Конференциядан кейін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы өткен айда партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында пайдалануға берілген «Тұран» шағын ауданындағы Оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Онда шәкірттерге арналған бассейн, интерактивті кітапхана, керамика үйірмесі, 3D-модельдеу кабинеттері бар.
Биотехнологиялық және гуманитарлық блоктарда балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал ететін фотосурет студиясы, бейне студия және журналистика үйірмелері орналасқан.
Жасыратыны жоқ, қосымша білім беретін мұғалімдер бірқатар қиындыққа тап болады. Мәселен, олардың жалақысы жоғарылап жатқан жоқ. Ал жүктемелері мектеп мұғалімдерінен кем түспейді. Олар да балаға бар күш-жігерін арнайды. Алайда атқарып жатқан жұмыстары әзірге лайықты бағаланбауда. Дәулет Кәрібек мекеме ұжымымен әңгімелесу барысында «AMANAT» партиясы жағдайды жақсарту бағытында белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Яғни, бүгінде қосымша білім берудің мемлекеттік стандарттары әзірленуде, барлық бала үйірмелерге тегін қатыса алатындай жағдай жасалуда, сондай-ақ педагогтердің еңбекақысын арттыру жөніндегі шаралар пысықталуда.
Осы күні Дәулет Кәрібек былтыр партияның сайлауалды бағдарламасы аясында «Шымкент сити» шағын ауданында ашылған конгресс-холлды аралады. Көпфункционалды кешен маңызды халықаралық кездесулер, симпозиумдар, мәдени фестивальдар және тағы да басқа іс-шаралар өткізуге арналған. Ғимаратқа 2 мыңнан астам адам сыяды.
Бүгінде Шымкентте партия қатарында 30 мыңнан астам адам бар, сондай-ақ 38 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.