Жоғары билік өкілі болсаң, еліміздің қай тұсын түзетер едің?
— Мен Қазақстандағы білім саласын дамытқым келеді.
Біріншіден мектеп табалдырығын енді ғана аттаған балаларға шетел тілдерін оқытуды шектеуді қолға алар едім. Өз тілін әлі жетік меңгеріп үлгермеген, орта мәдениетіне енді ғана бой үйретіп келе жатқан бастауыш сынып оқушысының оқу бағдарламасына шетел тілдерін қосу тым ауыр. Ана тілінің заңдылықтарына мектеп қабырғасында енді қаныға бастаған бала шетел тілін қалай меңгермек? Қырық екі әріпті жаңа жаттап жүргенде, ағылшынның жиырма алты әрпі қосылады. Өзі де психологиялық қысымда жүрген балаға алпыс сегіз әріпті бірге жаттау қиын соқпай ма? Қазақ тілінің жұрнақ, жалғауын ажырата алмай жүргенде ағылшынның of, the, in, on сияқты жалғауларын жаттауға тура келеді. Ал мұндай оқыту үрдісі балақайлардың оқуға деген құштарлығын жояды.
Дәріс беруші ұстаздарға көңілің тола ма?
— Қазір бізде білім беруші ұстаздардың саны жеткілікті болғанымен, оқыту тәсілі ескірген. Жаңашылдықты талап ететін жасөспірімдерге қазіргі оқыту әдістемесі қызықсыздау. Ұстаздардың басым көпшілігі бұрынғы тәжірибесінен айнығысы келмейді. Әрине, заманның жаңа талабын олар да игеріп жатып, бірақ жаңа технология, жаңа мүмкіндіктер күн сайын ұстаздардың өзі де өсіп отыруын талап етеді. Бұл тұрғыда мектеп басшылығы жас мамандарды қорықпай тартып, олардың тәжірибесін мейлінше жетілдіруге күш салуы керек. Шынын айтқанда, қазір жас мұғалімдердің мектепке жұмысқа тұруы да кейде тамыр-таныстықпен шешіліп жатқанын жоққа шығара алмаспыз. Төрт жыл білім алып, екі жыл магистратурада шыңдалып, енді “барымды саламын, үйретемін” деп келген жас маманның маңдайы тасқа тіреліп, өзін басқа саладан іздеуге мәжбүр болып жататын жағдай да кездеседі.
Білім министрі болсаң, қандай мәселелерді қарастырар едің?
— Мен білім министрі болсам, осы мәселелердің барлығын қолға алатын едім. Бастауыш сыныптарға шетел тілдерін араластырмай, сабақты алдымен тек мемлекеттік тілде оқытуды қолға алар едім. Ал шетел тілдерін 5-7 сыныптан бастап қосамын. Әр пән ерте емес, өз уақытымен болғанда, балалар да шаршамайды. Білімге деген құштарлығы да артпақ. Сондай-ақ жас мамандарды көбейту қажет. Жас мамандар өз білігін, жаңа әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, балаларды сабаққа одан әрі қызықтыра бастайды. Сол кезде біздің елдің білім саласы дами түседі деген ойдамын.
Нұрыш Әбілқайыр
ХҚТУ 4-ші курс студенті
Айым Мадиомарова
Түркістан қаласы 11-сынып оқушысы