Аурушаңдық науқас адамнан дені сау адамға ауа-тамшылы жолмен беріледі. Тұмауды жұқтырған уақыттан бастап клиникалық көріністерінің пайда болу мерзімі бірнеше сағаттан бірнеше күннің арасында өтеді.
Тұмаудың негізгі көріністері – жалпы әлсіздік, қатты бас ауру, көз алмасын қимылдатқан уақытта ауру сезімі, қалтырау, ауру ағымына қарай дене қызуының 38-40С көтерілуі, бұлшықет пен буындардың ауру сезімі, көздің жасаурауы, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, тершендік, құрғақ жөтел. Аурудың ұзақтығы 5 күннен 10 күнге дейін созылады.
Тұмаудың салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы- тұмауға қарсы егу болып табылады.
ЖРВИ мен тұмаудан алдын алу:
ең бастысы, тұмау ауруының эпидемиологиялық маусымы алдында — жыл сайын уақытылы тұмауға қарсы профилактикалық егу алу;
әрдайым жеке бас гигиенасын сақтап, қолды әрбір іс-әрекеттен кейін, тамақтың алдында сабындап жуу;
үйде желдету тәртібін сақтап, жиі-жиі желдетіп тұру;
эпидемиялық кезеңде халықтың көп шоғырланған жеріне бармау, баратын жағдайда бетперде тағып, оксалин майын мұрынға жағуды ұмытпау;
егер жанұяңызда жедел респираторлы вирусты инфекциясымен немесе тұмау ауруымен науқастанған жағдайда өз бетімен дәрі-дәрмек қолданбай, үйге жергілікті емханадан дәрігерді шақыртып, мамандырылған ем алу;
қарым-қатынастағыларға жұқтырмау үшін бір реттік бетперде қолданып, бетпердені әр 3 сағат сайын ауыстырып отыру.
Нышанов Нұрбек Садықбекұлы
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы