ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті. Жүздесу барысында вице-премьер еңбек саласында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Тамара Дүйсенова Қазақстан Жильбер Унгбо бастамасымен құрылған әлеуметтік әділдік үшін жаһандық коалициясын Қазақстан толықтай қолдайтынын атап өтті.
«Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік әділдік тақырыбына көп көңіл бөлінді. Тұрақты әрі әділ еңбек нарығы экономикалық өсім мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына негіз болады. Сондықтан да Қазақстан әлеуметтік әділеттілік үшін Жаһандық коалицияға қосылды. Біздің ұстанымдарымыз сіздің идеяларыңызбен толықтай сәйкес келеді және қазақстандық тәсілдерді тұтастай кеңейтуге мүмкіндік береді. Енді біз оны іс жүзінде жүзеге асыруға кірісеміз», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Үкімет мемлекет, жұмыс беруші, жұмысшы арасындағы әлеуметтік диалог пен мүдделер балансын сақтауға баса мән береді. Осы ретте республикалық деңгейде үшжақты комиссия жұмыс істеуде. Салада туындаған мәселелер жан-жақты қарастырылып шешімін табуда. Тараптар мүддесін ескере отырып, бас келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еңбек нарығын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазір олардың саны – 23. Бүгінде білім беру бағдарламаларының, ғылым мен технологиялардың, екі дипломдық бағдарламаны оқыту және дамыту әдістерінің трансферті арқылы жоғары білімнің халықаралық стандарттарына көшу бойынша шаралар қабылдануда.
Халықтың табысын арттыруға бағытталған шаралар да ерекше назарда. Отбасының цифрлық картасы арқылы қиын өмірлік жағдайдағы азаматтар анықталып, олармен жекелей жұмыс атқарылуда. Вице-премьер қажет болған жағдайда бұл тәжірибені Қазақстан өзге елдермен бөлісуге әзір екендігін жеткізді.
«Үкімет ұлттық заңнаманы ХЕҰ-ның стандарттарын қолдана отырып жетілдіру ісін тұрақты түрде жүргізуде. Былтыр еліміздегі әлеуметтік қамту, еңбек құқығын қорғау мен қызметтер бағыттарын қамтитын Әлеуметтік кодекс қабылданды. Ол әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қызметтер салаларын қамтиды. Қазақстан ХЕҰ-мен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Әріптестік қарым-қатынасты тереңдету халықаралық ұйымның да ұстанымы. Ол туралы Жильбер Унгбо мәлімдеді. Қазақстанның жаһандық коалицияға қосылуымен құттықтаған ол елімізде атқарылып жатқан шараларға жоғары баға берді. Коалицияға қосылу сол тәжірибемен өзге елдермен бөлісуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры жұмыс сапары аясында «Білім экономикасы және жасанды интеллект дәуірінде әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, кәсіподақтар және жұмыс берушілер ұйымдары өкілдерімен кездесті.