Арпа және жемшөп дақылдары – бүкіл Қытай бойынша экспортталады. Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен егін жинау науқаны бойынша жедел штабта экспортқа астық жеткізуді ұлғайту мүмкіндіктері қаралды.
«ҚТЖ» ҰК АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров биылғы 9 айда қазақстандық астық пен ұнды теміржолмен жеткізудің негізгі нарықтарын таныстырды. Астықты тиеп жөнелтудің жалпы көлемі 6,6 млн тоннаны құраса (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға аз), тартылған өнімдерді тасымалдау көлемі пропорционалды түрде өскен – 2,7 млн тонна (2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда 21%-ға артық). 6,6 млн тонна астықтың 5 млн тоннасы экспортқа жіберілді, тек қыркүйекте ғана 900 мың тонна жөнелтілді. Тартылған өнімдердің экспорты 2,1 млн тоннаны құрады, оның ішінде – 310 мың тонна қыркүйек айына тиесілі.
«Қазақстанның астығы жеткізілетін негізгі елдер – Орталық Азия (2,9 млн тонна), Қытай (1,3 млн тонна), Ауғанстан (127 мың тонна), бұл биылғы 9 ай ішіндегі көлем. Салыстырмалы түрдегі тыныштықтан кейін Иранға 211 мың тонна астық жеткізу қайта жанданды, оның 140 мың тоннасы қыркүйек айына тиесілі. Басқа елдерге – Италияға, Түркияға және Ресейге 423 мың тонна жөнелтілді. Негізгі елдерге қаңтар-қыркүйек айларында 495 мың тонна – Орталық Азияға, 639 мың тонна – Қытайға, 666 мың тонна – Ауғанстанға жөнелтілді», — деп хабарлады Бауыржан Орынбасаров.
Отырыста қазақстандық астықты Қытайға жеткізудің өңірлік деңгейі қаралды. 9 айдың қорытындысы бойынша астықты жабық вагондарда тасымалдау көлемі 75%-ға және астық тасығыштарда 5%-ға өсті. Контейнерлермен жеткізу 26%-ға төмендеді. Бұл жабық вагондар мен астық тасығыштардағы дақылдардың негiзгi көлемiнiң Қорғас және Алашанькоу стансалары арқылы Суардың бондтық аймағына жеткiзiлуiмен байланысты, онда дайын өнiмдi қайта өңдеу және одан әрi жөнелту үшiн баж салығы жоқ. Осылайша, қазақстандық бидай негізінен Қытайдың шекаралық және орталық провинцияларын қамтамасыз етеді. ҚХР ішіне жеткізу үшін 65% баж салығы қолданылады және ол бағыттар бойынша астық негізінен контейнерлермен тасымалданады. Бұл ретте арпа және басқа да жемшөп дақылдары ірі дайындаушы компаниялардың қажеттіліктеріне сәйкес бүкіл Қытай бойынша экспортталады.
«Біздің алдымызда биыл Қытайға 2 млн тонна астық жеткізу міндеті тұр, біз оның көлемін 3 млн тоннаға дейін арттыра аламыз. Сондай-ақ Ауғанстанға ұн жеткізуді ұлғайту қажет. Жаңа келісімшарттар мен логистика Алматыда өтетін Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумының басты мәселелерінің бірі болуы тиіс», — деді жедел штаб отырысының қорытындысында Серік Жұманғарин.
7 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда дәнді дақылдардың барлық алқабының 94%-ы, картоптың 90,5%-ы, көкөністердің 84,6%-ы, майлы дақылдардың 30%-ы, қант қызылшасының 23%-ы жиналды. Егін жинау науқаны басталғалы элеваторларға 4,4 млн тонна астық түсті.