Астанада «Орталық Азия тарихы: халықтар мен мәдениеттер арасындағы диолог» атты Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының І форумы өтті. Ғылыми мәжіліске елімізбен қатар Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекетінің 60-қа жуық тарихшы ғалымдары қатысты. Форум жұмысы үш панельдік сессия аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ кітап және мұрағат көрмелері, оның ішінде XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы айқындалған еуропалық және америкалық карталар көрмесі ұсынылды.
Еске салайық, Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының бірінші форумын өткізу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 14 қыркүйекте Тәжікстан Республикасы, Душанбе қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзінде ұсынған болатын.
Форумның негізгі мақсаты – Орталық Азия мемлекеттерінің ғалым-сарапшылары арасындағы диалогті күшейту арқылы тарихи үдерістерді зерттеу мен тарихи құбылыстарды бағалауда бірегей кеңістік, мәдени, саяси контекстте синхронды көзқарас қалыптастырудың алғышартын жасау. «Біздің міндетіміз – бауырлас мемлекеттердің ғылыми-зерттеу құрылымдары арасындағы байланыстарды бекіту. Тарқатып айтсақ, ғылыми тәжірибе және әзірлемелермен алмасу арқылы Орталық Азия елдерінің тарихы бойынша зерттеулерді қайта жандандыруымыз керек. Ортақ тәсілдерді әзірлеудің жағдайын жасау және жас тарихшыларды даярлаудың тетіктерін талқылау арқылы ғылыми интеграцияның артуына қол жеткізе аламыз», деді жиын модераторы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов.
Айта кетейік, тарихи мазмұндағы тақілеттес форумдар мемлекетаралық татулық арқылы зерттеудің бір мүддеге бағытталған бірыңғай әдісін дамытуға ықпал етеді. Бұл туралы Өзбекстан Ғылым академиясының вице-президенті, Шығыстану институтының директоры Бахром Абдулхалимов былай деп пікір білдірді: «Тарихи зерттеудегі өзара серіктестік – Орталық Азия мемлекеттерінің тұрақты рухани-мәдени дамуының кепілі. Археолог, этнолог, тарихшылардың коллаборациясын күшейте отырып, тарихнамалық талдаудың жаңа биігіне көтеріле аламыз. Дәл осы бедерлі белесті бағындыруға талпыныс жасап отырған форумның алғашқы жиналысы келешектегі үлгілі жетістіктердің басы болары – анық».
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық Азия тарихшыларының басын қосып, түйткілді түйіндерді талқылайтын ортақ платформа – ендігі кезекте жыл сайын жүзеге асырылатынын жеткізді. «Тарихи оқиғаларды бұрмалау және қате түсіндіруге жол бермеу үшін біз үш маңызды мақсатты белгілеп отырмыз.
Оның біріншісі, бауырлас халықтар арасындағы ортақ тарихи мәселелерді айқындау және оны шешудің бірегей жолдарын жасау. Орталық Азияның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және одан әрі дүниежүзілік мұраның репрезентативті тізіміне енгізу мақсатында зерттеушілердің жұмысын жұмылдыру.
Екіншісі, елімізде қорғалатын ғылыми жобалардың тақырыбын айқындау. Бәрімізге белгілі, қазір үкімет тарапынан тарихқа оның этнография, археология сынды салаларына басым бағыт беріліп отыр. Соның аясында мемлекетаралық ортақ жобаларға Отанымыздың зерделі зерттеушілері мен сарабдал сарапшыларын тартуымыз керек.
Үшіншісі, тарихшыларымыздың шетелдік ғалымдармен серіктестігін нығайту. Халқымыз туралы тың ақпараттар жылнамалық дәстүр жақсы қалыптасқан Ватикан, Қытай, Иран, Армения секілді іргелі мемлекеттер мұрағатынан табылып жатыр. Мәселен, жақында қазақ ғалымдары дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде Ватикан кітапханасындағы түрік тарихына қатысты қолжазбаларды зерттеуге мүмкіндік алды. Онда даламызға миссионерлік мақсатта жіберілген діни қызметкерлердің халқымыз туралы көптеген тың ақпараттары бар. Бұл – орта ғасырдағы қазақ тарихына қосылған үлкен олжа. Сол секілді жоғарыда аталған басқа да мемлекет мұрағаттарында әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет ететін елімізге қатысты мұралар көп. Егер жан-жақты сарапталған, объективті шындыққа негізделген тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізе алсақ, тарихтың ақтаңдақ беттерінің ақиқаты ашылады», деді министр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен өтіп отырған бұл жиын Орталық Азия тарихын бірге зерттеп, зерделеудің үлкен бастауына айналады деп ойлаймын. Себебі Тәжікстаннан келген делегацияның деректеуінше, мұндай деңгейдегі талқы қырық жылдан бері өтпеген. Сондықтан бүгінгі алқада Орталық Азиядағы мемлекеттерді жеке-жеке емес, тұтастай қарастырып, олардың ортақ тарихын жазуды қолға алу мәселесі көтерілді. Ол үшін кітапхана, архив қорларын бірге пайдалану, ғылыми жобаларды жұмыла қолға алу, археологиялық қазба жұмыстарын күш біріктіріп жүргізу, сонымен қатар мемлекетаралық конференция, тақырыптық жиындар өткізудің маңызы ерекше. Бүгін келген ғалымдар делегациясының көпшілігі осы мәселе турасында ой сабақтап жатыр. Себебі ғылымның интеграциясы – әбден толғағы жеткен мәселе. Бүгін осыған негіз қаланып отыр», деді Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі.
Әрі қарай форумның панельдік сессияларында ғалымдар ежелгі дәуірден тәуелсіздікке дейінгі Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті бойынша бірлескен зерттеулердің келешек бағыттары туралы баяндама жасаса, жас зерттеушілер жаңа бағыттағы ізденістер мен мәселелер жөнінде, сонымен қатар жасанды интеллектінің дамуы Орталық Азиядағы тарих қауымдастығына әсері турасында сұхбаттасты.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде Орталық Азия мемлекеттері тарихшылары I форумының қорытынды хаттамасы шешімі қабылданды.